«Дәрменсіз күйге түсті»: Тоқаев БҰҰ университетінде дәріс оқыды

Автор: Бақыт Шынар

Президент тағы да БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің реформасы туралы айтты

Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетіне барып, «Дүрбелеңге толы дәуірдегі стратегиялық сенімді қалпына келтіру: әділетті әрі тұрақты әлем құру жолындағы Қазақстанның ұстанымы» тақырыбында дәріс оқыды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол әлемде қақтығыстардың өршуіне алаңдаушылық білдірген. Мемлекет басшысы дағдарыс белең алған және көпжақты ынтымақтастық тетіктері айтарлықтай әлсіреген қазіргі кезде әділетті әрі тұрақты әлем құру жөніндегі ой-пікірімен бөлісті.

«Соңғы он жылда жер жүзінде қарулы қақтығыстар көбейіп, ушығып кетті. Әлемдегі әскери шығындар былтыр 2,7 триллион долларды құраған. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Сонымен қатар алпауыт елдер арасындағы стратегиялық бақталастық шырқау шегіне жетті. Соның салдарынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір ірі халықаралық қақтығыстарды шеше алмайтын дәрменсіз күйге түсті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.