Бір палаталы Парламент Қазақстанға не береді

Автор: Нұргүл Абай

Ең алдымен билік құрылымы жаңарып, парламенттің рөлі күшейеді дейді Пан

Фото: Ж. Жумабеков

Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан парламенттік реформа туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Президент атап өткендей, Сенат мемлекет қалыптасқан күрделі жылдарда тұрақтандырушы ретінде өзінің тарихи рөлін лайықты атқарды. Алайда қазір Қазақстан билік құрылымын оңтайландыру, екіпалаталы жүйеден бірпалаталы Парламент моделіне көшу туралы ойлануға мүмкіндік беретін деңгейге жетті. Парламенттік реформа бұрынғы өзгерістердің логикалық жалғасы болып, елдің одан әрі дамуына оң ықпал етеді», - деді Пан Мәжіліс ғимаратында «Парламентаризм: құқықтық негіз, даму жолы және болашақ келбеті» тақырыбында өткен Еуразиялық форумда.

Осы орайда ол жоғары заң шығарушы органды реформалаудың маңызды элементтеріне қысқаша тоқталып өтті.

«Ең алдымен, бұл — билік құрылымын жаңарту және Парламенттің рөлін күшейту. Бұл жерде Парламенттің құрылымын ғана өзгерту туралы сөз болып отырған жоқ, мемлекеттік биліктің бүкіл архитектурасын қайта пайымдау, мемлекеттік басқарудың жалпы моделін жүйелі түрде жаңарту жайлы болып отыр. Президент Тоқаев «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» формуласын нақты айқындап берді. Бұл модельде Парламентке жаңа жауапкершілік пен жаңа мүмкіндіктер жүктеледі», - деді институт директоры.

Оның айтуынша, бірпалаталы модельге көшу заң шығару қызметіне серпін береді. Парламент шешімдерді бекітетін алаң ғана емес, сараптамалық пікірталастардың орталығына айналады.

«Сонымен қатар Парламенттің өкілеттіктерін кеңейту де көзделуде. Ол заң шығаратын орган ғана емес, атқарушы биліктің нақты есептілігін қамтамасыз ететін институтқа айналуы қажет. Президент басты мақсат — кәсіби Парламент құру екенін атап өтті. Ол үшін заң шығару органына шын мәнінде білікті әрі тәжірибелі мамандар келуі тиіс. Қорыта айтқанда, Парламент заманауи әрі ықшам, технологиялық және ашық болуы керек. Қоғам сұраныстарына жедел жауап беріп, теңгерімді шешімдер қабылдай алатын деңгейге көтерілуі қажет», - деді Пан.

Реформаның негізгі критерийі — заң шығару үдерісінің сапасын қамтамасыз ету. Реформа ең алдымен заңнаманың сапасын арттыруға бағытталған, деп толықтырды сөзін институт директоры.

«Әрбір заңнамалық шешім деректерге негізделіп, жан-жақты сараптамадан өтіп, халықаралық стандарттарға сай болып, қоғам пікірін ескеруі тиіс. Осы мақсатта бүгінгі таңда заң жобаларының ғылыми-талдамалық сүйемелдеуі күшейтіліп, салдарын болжау және бағалау құралдары енгізілуде. Бұл жұмысқа Парламентаризм институты да өз үлесін қосып келеді: салыстырмалы зерттеулер жүргізеді, сараптамалық талқылаулар ұйымдастырады, ұсынымдар мен тіпті заң жобаларының нұсқаларын әзірлейді», - деп атап өтті ол.