Бұл ахуалдық орталық қауіп-қатерлердің алдын алудың негізгі жүйесі саналады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жапониядағы сапары аясында Токионың Төтенше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталығын аралап көрді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Бұл азаматтық қорғаныс пен қаладағы қауіп-қатерлердің алдын алудың негізгі жүйесі саналады.
Орталықтың басты міндеті – қаладағы ахуалға ұдайы мониторинг жүргізу, төтенше жағдай кезінде билік органдарының іс-әрекетін үйлестіру, ықтимал қатер мен орын алған апаттар (жер сілкінісі, тайфун, су тасқыны, ірі техногендік апаттар, лаңкестік актілер) туралы ақпараттарды талдау.
«БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттың таралуына қарсы іс-қимылға баса көңіл бөлінеді. Бұл жұмыспен тәулік бойы мониторинг жүргізетін арнайы бөлімше шұғылданады», - деп хабарлайды Ақорда.
Ал күнделікті өмірде кешен дағдарыс жағдайларын басқару жүйелерін жоспарлау және жетілдіру, азаматтық қорғаныстың өңірлік жоспарын әзірлеу, оқу-жаттығу жиындарын дайындау және өткізу, халықты құлақтандыруға, апаттардың салдарын жоюға арналған ақпараттық жүйелерді дамыту ісімен айналысады.