Он баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты анаға «Алтын алқа» берілмеген
Тобыл-Торғай атырабы шежірелі тарихқа толы, тұңғыштардың мекені деседі. Алғаш қазақ жеріне келген кабинасыз шағын трактордың құлағында ойнаған да осы Қостанайдың тумасы – Ғаникамал Тәткенова болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі kostanaytany.kz-ке сілтеме жасап.
Көнекөз қария бүгінде жүз жасқа қарады. Шөберелерінің мерейіне бөленіп, шөпшектерінің қолынан су ішіп отырған сүйегі асыл жан.
«Әкеден үш жасымда жетім қалып, шешеме қолқанат болдым, үш бауырымды бірге тәрбиелеп шығардық. Ол уақытта егін шықпаған, жоқшылық ауыр күндерді бастан кештік. Оның бер жағында өсіп-жетіліп жаңа өмірге қадам бастық қой», – деп өткенде еске алды Ғаникамал әжей.
Осы жасқа келгенше небір қиындықпен бетпе-бет келсе де, дана қарт ғұмырына еш өкінбейтінін айтады.
«Масақ теріп жоқшылықпен отырғанда бала жастан оқуға кірістім. Колхоздың күйбең тірлігімен жүріп, сегізінші сыныпты толық аяқтап шықтық. Одан мұғалімдер даярлайтын училищеде бір жыл оқыдым. Бір күні ауылдың басқармасы келіп: «Сен трактор оқуына барасың, әйтпесе, жұмысшылардың қатарына жібереміз!», деді. Үйде – шешем мен үш бала, бас көтерер өзім болғасын қандай қарсы сөз айтасың?! Содан техниканың оқуын оқып, трактормен жер жырттым. Даланың талай қиындығына төздік», – дейді қария.
Еңбек жолын өзі туып-өскен Меңідіқара ауданы Көктерек ауылында бастап, Теңіз ауылындағы Қайдар есімді жігітке тұрмысқа шықты. Сегіз қыз, екі ұлды өмірге әкелді. Әйел басымен мал бағып жүріп, әуелгі кәсібінен ажыраған жоқ. Әйтсе де ұстаздыққа жаны жақын әжей жыр, әпсаналарды жатқа оқитын. Содан болар, ұл-қыздарына Абайдың қарасөздерін оқытты. Балаларының дені ағартушылық жолды ұстанды. Үлкен баласы Ақылбек ақ халатты дәрігер, кіші баласы Ұлттық қауіпсіздік қызметінде еңбек етті. Қазіргі таңда әжей Тобыл қаласына қарасты Алтынсарин шағын ауданында тұрады. Осы кенже баласы Әбілдің қолында бейнетінің зейнетін көріп келе жатыр. Ал отағасы ертеректе өмірден өткен. Екі бірдей соғыстың зұлматына куә болған жандардың қатарында. Содан болар бір қыздары әкеге тартып, қайсар, ержүрек болып өсті. Ішкі істер саласына маңдай терін төгіп, полковник дәрежесіне дейін жеткен тұлғаға айналды.
«Өмір бойы бейнет көріп, демалып отырғаным осы, балам. Екі ұлдың біреуі дәрігер. Хирург, травматолог. Жиі хабарласып, денсаулығымды бақылап отырады. Бүгін де жұмыс істеп жатқан жерінен келіп, мені 99 жасқа толғанымды атап өтуге құттықтап келіп отыр. Екінші балам өзі осы үйде асырып бағып отыр. Жыл сайын мен жайында жан-жаққа хабарлап, осылай газетке шығарып отырады. Қиындық өмір болғасын қашан да болады. Ішер ас, киер киімге зар болып, жалаңаяқ саз кешкен күндеріміз де болды. Соғыс біткенше төзіп, жұмыс істедік. Қазір соның арқасында жақсы зейнетақы, көп балаға ақша аламын. Тыныш заманда өмір сүріп жатырмыз. Осыған тәуба деу керек. Әрқашан ақылды болып, адамдар бірін-бірінің айтқанын тыңдап, көну қажет. Қазір, міне, тоқсан тоғызға келіп отырмын. Қаншама жер ауып келгендермен бір үзім нанды бөліп жеген кездер өтті. Одан адам кемімейді. Біреуден бір ауыз жаман сөз естіп көргенім жоқ», – деп батасын берді қария.
Алайда он баланы дүниеге әкелсе де алтын құрсақты ана алтын алқаға қол жеткізе алмаған. Кейбір балаларының шетінеп кеткенінен күміс алқа иесі атанды Десек те өнегелі өмірін көпке үлгі еткен кейуана жалғанның бұл тосынсыйын сары алтындай сабырымен қарсы алып отырған жайы бар.