«Директор етіп тағайындауды сұрайды». БҚО-дағы шенеунік тамыр-таныстықтан шаршағанын айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Басқарма басшысы қынжылысын білдірді

Жақында Батыс Қазақстан облысы дене шынықтыру басқармасының басшысы болып тағайындалған Қаймен Есендияров 1,5 ай ішінде жаңа қызметіндегі көрген-білгенімен бөлісті.

«Сіздермен Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметінде өткізген алғашқы 45 күнімде көрген-білген ақпаратыммен бөліскелі отырмын. Жұмыс оңай емес, толған қағаз-құжат, бұрыннан бітпей қалған істер бойынша соттасу, түрлі жиналыстар, спорт ғимараттарын салу туралы құрылыс жобаларын талқылау, мектептерді аралап тексеру, есеп-қисап дегендей…», - деп бастайды әңгімесін ол.

Айтуынша, қызметіне кірісе салысымен облыстағы барлық спорт ардагерлерімен кездескен.

«Жаңа жұмысқа келісімен облыстағы барлық спорт ардагерлерімен кездесіп, көкейлерінде жүрген ойларын тыңдап, ақыл-кеңес, ұсыныстарын түртіп алып, келесі күні облыс орталығындағы барлық 12 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектептері (ДЮСШ) мен спорт интернатының директорларымен кездесіп, мектептерді аралап, барлығынан жұмысы туралы жазбаша түрде есеп берулерін тапсырдым», - дейді ол.

Қаймен Есендияров қызметіне кіріскен сәттен бастап таныс-тамырларын спорт мектебінің директоры ету туралы өтінішпен хабарласатындар көбейген.

«Осы 45 күн ішінде 20-ға жуық таныс адам жұмысқа келіп, қоңырау шалды. Сонда барлығының сұрайтыны - таныс-тамырларын спорт мектебінің директоры қылып қою, ол болмаса директордың орынбасары лауазымына тағайындау. Бір өкініштісі, сол адамдардың бірде-біреуінің «мына бала өте жақсы бапкер, осы баланы қолдап жіберші» деп айтпауы еді. Бәрі тек директор, «замдиректор» болғысы келеді. Сонда кейінгі ұрпақты кім тәрбиелеп, тер төгеді деп ойлаймын», - деп көңілі қалғанын жазады.

Одан бөлек, басқарма басшысы жастарға орын бермей, жалақы алсам болды деп жүргендер жайлы да айтты.   

«Қазіргі директорлардың жағдайы мүлде бөлек екен. Астында қызметтік көлік (шопырымен), кабинет жанында көмекші хатшы, екі «замдиректоры», ғимарат директоры, бухгалтер, «замбухгалтер», заңгер, госзакупщик, методистер (кейбірі зейнетақы ала отырып, алды 70-ке келсе де жастарға орын бермей, «балаларға ештеңе үйретпесем де жалақы алсам болды» деп жүргендей), 3 күзетші, күзетшінің басшысы және т.б. бар. Қысқасы, бір спорт мектепте 7 бапкерге 35 басшы-күзетшіден келеді (барлық мектептерде бұлай емес әрине, бірақ көбінде осыған ұқсас). 1 бапкерге 7 қызметкерден келіп тұр ғой. Негізі, керісінше 35 бапкерге 7 басшы болмай ма. Бір қынжылғаным, бірде-бір директор жұмыстан кейін қалып балалар дайындамайды, жаттығу жасатпайды екен. Оның да себебі бар, кейбір директорлар өзі спортпен айналыспаса, оны қалай балаға үйретеді?!», - деп қынжылыс білдірді.

Басқарма басшысы Үкіметтің спортты дамытуға деп бөлетін қаржысы көбіне басшыларды ұстап тұруға кететінін жасырмады.

«Түсінгенім, Үкіметтен спортқа (бапкер мен спортшыға) бөлінетін қаржының қомақты бөлігі (50-60%) біз сияқты басшы, директорларды ұстап тұру үшін кетеді екен. Осыдан кейін спорт қалай дамиды, Үкімет салып берген ғимараттарды қандай қаражатқа ұстап тұрамыз?! Сондықтан спорт ғимараттарын сақтап қалу үшін жағдайы көтеретін, сол спорт түріне жаны ашитын азаматтарымызға уақытша (5 жылға, әрі қарай сатып алу құқығынсыз) сенімгерлік басқаруға (доверительное управление) беруге тура келетінін байқап отырмын. Ол біреудің жеке басының (әкімнің, спорт басшысының) біреуге (жақын-таныстарына) ғимараттарды сату деген ойы емес, керісінше, қолдан келгенше сол ғимараттарды тоздырып алмай, халықтың игілігіне жарату болып табылады», - дейді ол.

Шенеунік жазбасының соңында бәріне түсінікті болу үшін орысша сөздерді араластырып жазғанын айтып, түсіністікпен қарауға шақырды.