«Олар өмірден өз жолын тапты»: бапкер параспорттың ерекшелігі туралы

Автор: Аян Бекжанұлы

«2014 жылы шәкіртім жол апатына ұшырап бір көзінен айырылып, кейіннен екінші көзіне де әсер етіп, мүгедек болып қалды»

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy/Әбілқасым Есентаев

Паралимпиада спорты Олимпиада ойындарының тасасында үнемі қалып қоятын. Дегенмен соңғы жылдары параспорт түрлері ерекше қарқын алып келеді. Нәтижесі сол отандастарымыз байрақты бәсекелерде ел намысын лайықты қорғап жүр. Азия, әлем чемпионаттарында, Паралимпиада ойындарында көк туымызды желбіреткен спортшыларымыз артып келеді. Мұндай үлкен жетістіктердің артында спортшының тынымсыз дайындығы, ал оның қарым-қабілетін, бойындағы талантын алыстан байқай білетін жаттықтырушылардың тұрғаны анық. Azattyq Ruhy тілшісі осы орайда соңғы жылдары бірнеше чемпионды тәрбиелеп шығарған, парадзюдодан ел құрамасының бас бапкері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жандос Қиянов туралы сөз қозғауды жөн көріп отыр.

Жандос Қиянов 1977 жылы 8 желтоқсан күні Атырау облысы Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылында дүниеге келген. Ауылында жүріп 11 жасынан самбо күресімен шұғылданыпты. Қазақстан чемпионатының жасөспірімдер арасында 3 рет қола жүлдегер атанған. Спорт шеберлігіне үміткер атанған.

«Негізі бапкерлік жолға 1994 жылдан бастап келдім десем болады. Сол жылы бапкерімнің қасына бапкер болып орналасып, бір жыл еңбек еттім. Осы бір жылда сырттай оқыдым. 1995 жылы күндізгі бөлімге ауысып, ары қарай оқуымды аяқтадым. 2000 жылы Атырау облысының олимпиада резервін даярлау спорт мектебіне дзюдодан жаттықтырушы болып орналастым», - дейді ұлттық құраманың бапкері.

Сөзін жалғай отырып, мүмкіндігі шектеу жандарға арналған параспортқа қалай келгені, жаттықтырушылық қызметі туралы сырымен бөлісті.

«Параспортқа келуіме өзімнің жеке шәкіртім әсер етті. 2014 жылы шәкіртім Әнуар Сариев аяқастынан жол апатына ұшырап, басынан жарақат алды. Осы апатта бір көзінен айырылып, кейіннен екінші көзіне де әсер етіп, мүгедек болып қалды. Сол шәкіртіме жігер беріп, алға ұмтылуы үшін мен де бірге параспортқа бетбұрдым. Сөздің ашығы, ол кезде Қазақстанда парадзюдо деген жоқ еді. Сол жылы дзюдодан мемлекеттік жаттықтырушы Ержан Байжұманов хабарласып, оқушым екеуімізді парадзюдоға шақырды. Сол кісі бастап, Америкада өткен әлем чемпионатына қатыстық. Сол жылы Азия ойындарынан бағымызды сынап көрдік. Міне параспорттағы жолым осылайша басталды», - деп ұлттық құраманың жаттықтырушысы өз ойымен бөлісті.

Сөз ыңғайы келгенде айта кетейік, парадзюдо федерациясы елімізде күні кеше ғана, яғни 2015 жылы құрылған.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жаттықтырып, үлкен жетістіктерге жету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жандос Қияновтың жаттықтыруымен параспортшыларымыз небәрі 8 жылдың ішінде үлкен белестерді бағындырған. Біз осы тұста Жандос Қияновтың шәкірттері жеткен жетістіктеріне қысқаша шолу жасап көрелік.

2015 жылы Сеулде өткен Бүкіләлемдік ойындар және әлем чемпионатында Әнуар Сариев қол жүлдегер атанды. Сол қола жүлдемен бірге Рио Паралимпиадасына да жолдама алды.

2017 жылы құрама Азия чемпионатына қатысып, ол жерде командалық есепте үздік үштікті түйіндеді. Бұл сында спортшыларымыздың бірі екінші орын, ал тағы бірі үшінші орын алды.

Парадзюдошылар 2018 жылы әлем чемпионатында бой көрсетті. Жай ғана қатысып қоймай, Қазақстан тарихында тұңғыш чемпион парадзюдошымыз анықталды. Төрткүл дүние көз тіккен бәсекеде Олжас Оразалы әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

2019 жылы Атырау қаласында Азия чемпионаты өтіп, командалық есепте Қазақстан құрамасы көш бастады. Ал жекелей сында Жандос Қияновтың шәкірті Дәулет Теміржан ел тарихында тұңғыш рет чемпион атанды. Байрақты бәсекеде Әнуар Сариев, Зарина Байбатина екінші орынға жайғасса, Жанбота Аманжол, Азамат Тұрымбетов, Олжас Оразалы үшінші орынды қанағат тұтты.

2018 жылы өткен пара Азия ойындарында Азамат Тұрымбетов жекелей сында екінші орын, Дәулет Теміржан үшінші орын алды. Ал командалық есепте үздік үштікті түйіндедік.

2018 жылы Атырау қаласында әлем кубогы өтіп, онда Олжас Оразалы, Дәулет Теміржан қола жүлдегер атанды.

«2021 жылы өткен Паралимпиада ойындарында шәкірттерім – Әнуар Сариев 60 келі салмақта, Дәулет Теміржан 73 келіде, Зарина Байбатина 70 келіде күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл Паралимпиада ойындарына 7 спортшымыз лицензия ұтып алды», - деп жымия еске алды.

Сөзін жалғай отырып, бірер жыл бұрын дзюдошылар арнайы санаттарға қосымша бөлінгенін, бұл параспортшылардың көзге түсуіне үлкен мүмкіндік болғанын тілге тиек етіп өтті.

«Спортшылар J1 (мүлдем көрмейтін), J2 (нашар көретін) болып бөлінді. Ал бұрын бұл екі санат бірге күресе беретін. Міне осы бөлініс біздің спортшыларға ерекше мүмкіндік берді. 2022 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында 2 алтын медаль, 3 күміс медаль жеңіп, командалық есепте үздік үштікке орналастық. Бәріміз білетіндей, қыздар арасында Ақмарал Науатбек (J2 санаты) тұңғыш әлем чемпионы атанса, екінші алтын жүлде 73 келі салмақта белдескен Ерғали Шамейге (J1 санаты) бұйырды», - деп шәкірттерінің соңғы жетістіктерін ерекше мақтанышпен жеткізді.

Паралимпиада спорт түрлерінің елімізде ерекше қарқын алғаны қуантады. Аз ғана уақыт ішінде жеткен жетістіктеріміз аз емес. Бұл ең алдымен спортшының қарым-қабілетін, бойында жасырынып жатқан талантын алыстан байқай білетін жаттықтырушының да біліктілігі.

«Негізі адамның спортқа деген икемі алғашқы жаттығуынан-ақ білінеді. Дегенмен таланты жүре келе байқалатын палуандар да болады. Мүмкіндігі шектеулі жандарда жанары мүлдем көрмейтін болса бастапқыда жаттығуында қиындықтар болатыны рас. Мысалға төрт мүшесі түгел адам кез келген нәрсені көру арқылы қабылдайды. Ал жанарынан айырылған палуанға жаттығу барысында бәрін сездіріп, әдіс-тәсілдер жасау үшін өз аяғыңды ұстату арқылы үйретесің. Ол кісілер бәрін сезініп барып үйренуі керек. Бастапқыда үйреніп кетуінде қиындық болатыны рас, бірақ ебін тапқаннан кейін сезу қабілеті арқылы үйреніп кетеді», - деді жаттықтырушы.

Адамның көру қабілеті нашарлайтын болса спорттың, әсіресе жекпе-жек секілді түрлері тіптен зиян екені анық. Себебі денсаулығының әлсіз тұсына ерекше күш түсіп кетуі мүмкін. Ал Паралимпиада спорт түрлеріне дайындықта бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

«Рас, көз ауруларының кейбір түрінде физикалық күш түсіруге болмайды. Ал кейбір түрінде көздің көру қабілеті тоқтап, бір орында тұрып қалады. Ал тағы бір түріне дәрігерлер көзі толық көрмей қалуы мүмкін деп толықтай тыйым салады. Ол кезде спортшыға денсаулығының мүшкіл халін түсіндіріп айтамыз. Олимп ойындары өз алдына, ал денсаулық бәрінен де маңызды. Әрине дәрігерлердің тыйымына қарамастан спорттан кеткісі келмейтіндер де жоқ емес. Бірақ олар санаулы, қанша дегенмен су қараңғы болып қалу кімге болсын оңай емес қой. Мысалға былтыр Бакуде өткен әлем чемпионатында алтын медаль алған Ақмарал Науатбектің көру қабілеті -13-ке түсіп кеткен. Бірақ ол өзін көп күтінеді. Ал біз өз тарапымыздан көзіне күш түсіретін жаттығуларды белгілі бір мөлшерде ғана береміз. Спортшыларымыздың денсаулығы – үнемі жіті назарымызда тұрады», - деп Жандос Қиянов ағынан жарылды.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін Паралимпиада спорт түрлерімен жаттығудың орны зор. Мүгедек жандарды жаттықтырып, істің бел ортасында жүрген бапкер мүмкіндігі шектеулі жандар үшін спорттың маңызын былайша түсіндіріп берді.

«Бір мысал келтіре кетейін. Ерлан Өтепов деген палуанымыз бар. Ол кісі 10 жыл үйінде отырып қалған. Жақындары жанында. Бірақ таңын атырып, кешін батырып, уақытын бос өткізумен жүрді деуге болады. Былайша айтқанда өмірден өз орнын таба алмай, ертеңгі күні қараңғы күйде жүрді. Бізге 2019 жылы келді. Сол жылы бір турнирден 2-орын алды, артынша Қазақстан чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Осылайша лицензиялық ұпайларды ұтып келіп, өзіне тиесілі квотаның арқасында Паралимпиадаға қатысты. Міне 10 жыл бойы үйінде отырып қалған спортшымыз небәрі екі жылда Олимп ойындарына қатысты. Одан бөлек қаншама ел аралады. Өмірден өз жолын тапты. Қазір үйінде көп отырмайды. Жыл он екі ай оқу-жаттығу жиынында немесе жарыстарда жүреді. Міне осы бір ғана спортшымызды мысал ете отырып, мүгедек жандар үшін параспорттың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Әлбетте мұндай мүмкіндік кез келген мүгедек спортшыға беріле бермейді. Дегенмен адамның үйінде қамалып отырып қалмауына, өмірге деген қызығушылығын арттыруға үлкен көмек болады», - дейді ол.

Сөз соңында мемлекет тарапынан спортқа үлкен көңіл бөлініп отырғанын айрықша атап өтті.

«Мемлекет спортқа үлкен көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесі міне үлкен жетістіктерге жетіп жатырмыз. Енді Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына көбірек лицензия ұтып, Франция төрінде ел намысын лайықты қорғауды алдымызға мақсат етіп отырмыз. Ал бізді қолдап жүрген барша қазақстандықтарға алғысымды білдіремін», - деп ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы сөзін аяқтады.

Иә, бапкердің біліктілігі шәкірттері арқылы көрінеді. Жандос Қиянов спортшыларын тәрбиелей жүріп, өзі де Қазақстанның үздік жаттықтырушысы атанды. Кейіпкеріміз бұл атақты 2019 және 2021 жылдары жеңіп алған. Адамның бойындағы хас талантын алыстан көре білетін әрі мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан өз орнын табуына үлес қосып жүрген мамандарға мың алғыс!