«Дәрігерлер шешімі өмірімді күрт өзгертіп жіберді»: Ақмарал Науатбек параспортқа қалай келгені туралы

Автор: Аян Бекжанұлы

Ол парадзюдодан әлем чемпионы атанды

Параспорт түрлері елімізде соңғы жылдары ерекше қарқын алып келеді. Құрлықтық, әлемдік бәсекелерде ел намысын қорғап, туымызды желбіретіп жүрген спортшыларымыз аз емес. Солардың бірі – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, бірнеше ай бұрын ғана әлем чемпионы атанған парадзюдошы Ақмарал Науатбек. Дзюдошы қызымыз Azattyq Ruhy тілшісімен әңгімелесе отырып, спортқа қадам басқан шағын, алға қойған мақсатын, өмірін күрт өзгерткен қиындықтан қалай өткенін айтып берді.

Әңгімеміздің басын былтыр Әзербайжанның Баку қаласында парадзюдодан өткен әлем чемпионатынан бастадық. Кез келген спортшы үшін үлкен жарысқа физикалық тұрғыдан бөлек психологиялық жағынан да дайын күйде барғаны маңызды. Бүкіл әлем көз тіккен бәсекеде елдің намысын қорғау оңай шаруа емес.

«Әлем чемпионатына жарты жылдан бері дайындалып келдік. Ал оқу-жаттығу жиынына бір жарым ай қалғанда жиналдық. Осы уақыт өзіме психологиялық жағынан ерекше ауыр тиді. Мұндай деңгейдегі додада елімнің намысын лайықты қорғауым қажет. Ал әлем чемпионы атану бала күнімнен бері келе жатқан үлкен арманымның бірі болатын. Бакуде өткен бәсекенің әрбір кезеңінде кіммен күресетінімді алдын ала болжап, біліп отырдым десем де болады. Сәйкесінше олардың әрқайсысына арнайы әдістер де дайындадым. Бұл бәсекеде ең басты екі қарсыласым болды. Оның бірі – Рио Паралимпиадасының чемпионы, Токио Ойындарының күміс жүлдегері француз қызы болса, екіншісі – Токио Олимпиадасының алтын жүлдегері атанған әзербайжан қызы. Іштей болжағаным дәл келген еді. Алтын жүлде үшін таласта француз қызымен күш сынасып, иппон әдісімен жеңіп кеттім. Шыны керек, мұндай дүбірлі бәсекеде ең алғашқы кездесуім бәрінен қиын болды. Себебі бұл әлем чемпионаты – көңілде қобалжу өте басым. Алғашқы сыннан сүрінбей өткеннен кейін ғана чемпионаттың атмосферасына еніп, ішкі толқынысымды бастым», - деп бірер ай бұрынғы доданы есіне алды.

Ақмаралдың осыдан үш жыл бұрынғы сұхбатында «маған тек әлем чемпионатының жүлдесі ғана жетіспей тұр» деген пікірі БАҚ беттерінде жарияланған. Қазір ол әлем чемпионы. Бүкіл Жер шарының чемпионы атанғандағы сезім тіптен ерекше болар...

«2019 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысқанмын. Жастар арасындағы әлемдік додалардың бәрінен жүлделі болып, тек әлем чемпионы атағын бағындыра алмаған кезім. Ішімде осыған байланысты бір өкініш сезімі қалып кетті. Сол кезде «әлем чемпионатының медалі жетіспей тұр» деп сұхбат берген едім. Араға үш жыл салып, ересектер арасында әлем чемпионы атанғанда сезімім тіптен бөлек болды. Елімнің намысын лайықты қорғап, Туымды желбіретіп, Әнұранымды шырқатсам деген арманым орындалды. Сол арманыма Жаратқанның қалауымен жеттім. Ол кезде төрт мүшем сау, денсаулығы қалыпты спортшылардың бірі едім...» - деп Ақмарал ойға шомып кетті.

Дзюдошы қызымыз аздаған үнсіздіктен соң сөзін әріден жалғап, спортқа қадам басқан шағы, параспортқа қалай келгені, денсаулығы жөнінде әңгімеге көшті.

«Дзюдо спортына 11 жасымда келгенмін. Ол кезде денсаулығым жақсы еді. Паралимпиада туралы ойымда да болмайтын. 7-сыныпқа жеткенімде спорт интернатына қабылдандым. Бастапқыда бәрі ойдағыдай жүріп жатты, жарты жылдай тоқтаусыз шұғылданып жүрдім. Спорт болғаннан кейін денсаулығымыз үнемі бақылауда. Сол себепті жылына екі рет медициналық тексерістен толық өткізеді. Өмірімді күрт өзгерткен үлкен проблеманың басы міне осы кезде анықталғандай еді. Тексеріс кезінде көзімнің көру қабілеті нашарлап бара жатқаны белгілі болды. Бастапқыда мән бермей, спортпен ары қарай шұғылдана бердім. Өтпелі жас кезеңіндегі ауытқушылық болар деп аса көңіл аудармадым. Бірақ бұл проблема тоқтамай, барған сайын күшейе берді. Уақыт өткен сайын жанарым солып бара жатты. 9-сыныпта жүргенімде жаттықтырушым шақырып алып, спортты доғармасам көзімнен айырылып қалатынымды ескертті. Денсаулығыма байланысты спорт интернаты да оқудан шығармақ болды. Бірақ қосымша тексерістерден өтіп, рұқсат алдық. Бұл үлкен спорттың табалдырығын енді аттаған кезім еді. Көп ұзамай ұлттық құрамаға ілініп, әлемдік жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрдім. 2020 жылы ересектер арасында алғаш рет Қазақстан чемпионы атандым. Міне осыдан кейінгі медициналық тексерістен өткенімде жанарымның көруі нашарлап кеткені анықталды. Әлемдік додаларға қатысуыма рұқсат берілген жоқ. Ота жасалу керек екен, соның нәтижесі бойынша ғана ары қарайғы шешім қабылданатыны ескертілді. Уақытында ота да жасалды, алайда одан кейін өткен тексерістің шешімі қатал болды. Дәрігерлер спортты осымен доғаруым керектігін айтты... Көзімнің көру қабілеті қазір -13 деңгейінде. Қан арқылы берілген кемістік болғандықтан емдеуге, түзеуге келмейді. Ота жасалғанмен пайда жоқ!» - деп Ақмарал ішіндегі мұңды жеткізді.

Сөзін жалғай отырып, өмірде алға қойған мақсаты, жоспары дәл осы кезеңде күрт өзгерткенін есіне алып өтті.

«2021 жылы көзіме ота жасалғаннан кейінгі дәрігерлер шешімі өмірімді күрт өзгертіп жіберді. Өмірімді басқа арнаға бұруым керек. Психологиялық жағынан тағдырдың ең қиын кезеңін өткердім, үлкен күйзеліске тап болдым. Жарты жыл бойы өзімді өмірдің басқа бір бағытынан іздеп көрдім. Бірақ іздеп көрдім дегенім бос сөз, дзюдодан басқа ештеңе ойыма кірер емес, елестете де алмадым. Алты айдан соң ес жиып, бастапқы нүктеге қайта оралдым: алдымда екі бағыт, жалғыз таңдау тұр. Бірі – не болса да тәуекел етіп, спортты жалғастыру, ал екіншісі – тағдырды мойындап, дәрменсіз күйде алды тұманды, белгісіз әлемге өзіңді тапсыру. Шешуші сәтте шешім қабылдау қандай қиын: таразының бір басында жарық сәуле, көз жанарың, екінші жағында – өміріңнің мәні.  Алыс арман – үміт сәулесі бәрінен жоғары болып шықты. Өмірімнің мәнін жоғалтсам, жарық дүниеде тірі болып жүрудің қаншалықты құны бар. Арманыма жетсем, қаншама адамды қуанышқа бөлеп, қаншама жастың жүрегіне от жағамын. Осы шешімге келгенде өзім де қатты қуандым. Қиын шақтан өтуіме ең алдымен анамның үлкен қолдауы әсер етті. Жан азабымды көріп, өзін қоярға жер таппаған сәттері көп болды. Алайда, қиналып жүрсе де, менің таңдауыммен келісіп, арманыма қанат бітіріп, жігерімді жанып келеді. Күйеуімнің қолдауы өз алдына бір бөлек, ол барда алынбайтын асу жоқтай көрінеді. Міне осылайша қасымдағы жақын жандардың арқасында мен алысқа көз тігемін. Үміт пен армандарым арқылы өмірім мәнді, көңіл әлемім нұрлы. Ендігі үлкен арманым, алға қойған жоспарым – Париж Олимпиадасының (дей беріп) Паралимпиадасының алтын жүлдесі!» - деді Ақмарал.

Спортшының жігерлі сөздері шынында оның болашағынан үлкен үміт күттіреді. Ондай жігермен өмір сүру әрі жеңіл, әрі ауыр. Жеңіл болатыны – шаршамайды, ауыр болатыны – ешқашан аласармайтын армандар алысқа жетелейді де отырады.

Дені сау спортшылар секілді шұғылдана алмайтын болған соң ойлана келе 2021 жылдың соңына таман параспортқа, яғни парадзюдоға ауысқан. Парадзюдошылар мен дзюдошылардың бапкері бір, бірге жаттығады, сондықтан осы шешімді құп көрген екен.

«Дәрігерлер рұқсат бермегенмен, спортшы денсаулығына қатысты жауапкершілікті толықтай мойнына алса, шектеу қойылмайды. Ал параспорт болғандықтан кез келген спортшының денсаулығында белгілі бір деңгейде шектеу бар. Әрине бұл денсаулығымды соңғы орынға қою емес, дәрігерлердің кеңесімен көзіме айтарлықтай күш түсетін жаттығуларды азайттым. Жаттығуымның процесі осыған сай толықтай өзгерді.

Әрекет бізден болғанмен мемлекет тарапынан тиісті деңгейде көңіл бөлінбесе, үздік нәтижелер көрсетуіміз екіталай ғой. Елімізде парадзюдо федерациясы 2015 жылы құрылған. Небәрі 8 жыл болғанмен параспортшыларымыз биіктерден көрініп жүр. Спортшылар қатысатын жарыстардың бәріне мемлекет тарапынан уақытылы көңіл бөлініп, қолдау жасалады. Жаттығу жиындары өте жиі өткізіледі. Бұл – спортшылардың бабында болып, дүбірлі додаларға аттануына үлкен сеп», - деп алғысын білдірді.

Ақмарал өткен айда ғана 25 жасқа толды. Алдында биік-биік белестер, үлкен жол күтіп тұр.

«Дзюдода ер адамдар 35 жасқа дейін шұғылданса, параспортта жас жағынан шектеу жоқ. 40-тан асса да белдесіп жүргендерді талай көрдім. Сондықтан зағип жандар үшін парадзюдо үлкен мүмкіндік дер едім. Өмірден өзінің орнын таппай қиналып жүрген жандар аз емес. Осындай жандарды спортқа шақырғым келеді. Ешқашан қайғыға берілудің қажеті жоқ. Өмір – адамға берілген үлкен сый, әрқайсымыз Алланың мойнымызға жүктеген миссиясын арқалап келіп, шамамыз келгенше орындап кетеміз. Ол біреуге – ауыр, біреуге – жеңіл. Оны кейде сынақ деп те жатамыз. Аз-көп деп қарамай, біз өзімізге берілген мүмкіндікті барынша бағалауымыз керек. Барлық адамдар осыны білсе деймін. Сөз соңында айтарым, спортқа аса үлкен көңіл бөлінгенмен, оның құрамындағы параспорт көбіне тасада қалып қояды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен кәсіби түрде шұғылдануы кеңінен насихатталуы қажет», - деп әлем чемпионы әңгімесін аяқтады.

Параспортта жүрген әрбір жанның тағдыры, өмірі өзіндік күрделілігімен ерекшеленеді. Оларды алға сүйреп, жеңістерге талпындыратын бәрінен бұрын мұқалмайтын жігері. Ал адамның жігеріне әр кез рухани қолдау маңызды. Олимпиада ойындарына бүкіл Қазақстан көз тігіп, дүбірлеп жатады да, Паралимпиада ойындарына келгенде қоғам тарапынан да, жарнамалау жағынан да бәсеңдік байқалатыны жасырын емес. Аз уақыттың ішінде халықаралық спорттағы жетістігімен танымал болған қаншама спортшыларымыз бар, олардың өмірі көптеген фильмдерге арқау бола алар еді. Шешуші сәттерде көбімізге жетпей жататын «жігер» дейтін қасиетке осы параспортшыларымыздың өмірі мен өнегесі таптырмас азық.