$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Немістің Аннасы қазақтың Айнашы атанды»: қазақ отбасына келін болған неміс қызы салт-дәстүр, тіл мәселесі туралы айтты

Болат ата мен Айнаш апаның 5 баласы, 16 немересі, 3 шөбересі бар

Azattyq Ruhy редакциясы Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Ақкөл орман шаруашылығында тұрып жатқан қазақ отбасына барып қайтты. Онда 47 жылдан бері отасқан Болат ата мен немістің қызы Айнаш апа тұрады. Олардың 5 баласы, 16 немересі, 3 шөбересі бар.​

Зейнетке шыққаннан кейін екеуі қаланың у-шуынан алыстап, ауылға көшуді жөн санаған.​ Әр демалыс сайын балалары мен немерелері келіп қуантып тұрады. Ұрпағымызға қазақтың салт-дәстүрін, тілін, дінін үйретуден жалықпаймыз, дейді олар.​

«19 жасымда тұрмысқа шықтым. Шіркін-ай, бір қазаққа тисем екен деп бала күнімде көп армандайтынмын. Арманым орындалды. Марқұм енем өте жылы қабылдады. Атам да керемет жан еді. Мен ризамын. Егер қазақ тілін білмесем қиналар едім. Өзім кішкентайымнан қазақ тілінен қиналмайтынмын.

1976 жылы мен тұрмысқа шыққан кезде қазақ орысты алды деген сөз тараған. Ол қазір ғой,​ кім-кімге тұрмысқа шығады, бәрі-бір. Үш қайын сіңлім бар. Әлхамдуллилә, олар да өте әдемі қарсы алды, тату-тәтті тұрып келеміз. Бірге тұрғанымызға биыл 47 жыл болады. Осы уақыт аралығында бір-бірімізге бір рет болсын қабақ түйген емеспіз, ұрыс, айқай-шу деген болған жоқ», - дейді қазақтың келіні Айнаш.

Жолдасы Болат ата жар таңдауда ең алдымен өзгенің емес, өзіңнің жүрек қалауыңа басымдық беру керек дегенді алға тартты.

«1976 жылы 3 шілде күні нағашымың тойы болды. Қарғалы ауданы Қорғалжын ауылында. Сол тойда тек екі немістің қызы болды. Бірі қазіргі жұбайым, екіншісі қазіргі балдызым. Жұбайымды сол сәтте ұнатып, таныстым. Оның қазақша сөйлегені ерекше әсер етті, қатты ұнаттым. Болашақ жарымды кездестіргеннен кейін, оның ата-анасымен танысуға бардым. Жақсы қабылдады. Екі айдан кейін тойымыз болды. Міне содан бері 47 жыл өтіпті.

Ең бірінші жүректің қалауын тыңдау керек. Марқұм анам Аннаны жақсы қабылдап, енді сен Анна емес, Айнаш боласың ​ деді. Мұсылмандықты қабылдағанда Айнаш деген есімді алды. Туыстардың бәрі оны жақсы көреді», - деді Болат ата.

«Жолдасым – шығармашылық адам. Қайта мен ғой қойшының қызы болған. Ауылға келіп қой ұстайық деген кезде жолдасым сарайға бірінші рет кіріп, артынша мұрнын басып шыққан. Шіркін-ай, қойды сойғанда етін қалай сүйсініп жейсің ә, бірақ оны бағуды білмейсің деп күлдім. Қазір тәубә үйренді ғой», - деп еске алды Айнаш апа.

Айнаш апа қазір енелердің келіндері алында қызмет жасап кетінін сынға алды. Оның айтуынша, жақсы келін ақылды ененің мектебінен шығады.

«Қазір келіндер үлкен адамды сыйлауы керек, күтуі керек. Сол үйдің барлық шаруасын келін істеуі қажет. Адам бәрін де үйренеді. Әсіресе, бәрін ақылмен үйрететін ене кездессе, келін де қандай керемет болып шығады.

Қазірге заманда тәрбие басқаша. Қазір енелер келіндерінің алдында өздері жүгіріп жүр. Өздері күтеді, өздері шай құяды. Сағат 10-ға дейін ұйықтасын, оятпаңдар деп жатады. Бұл дұрыс емес. Келіннің ұяты болуы керек. Келін болып түстің бе, ұйқыны азайту керек, шаруасын істеп, қабағын түймей, жолдасын жақсы күту керек. Ер азаматқа қарсы шықпауы қажет», - деді Айнаш апа.

Айнаш апа мен Болат атаның жалғыз келіні – қазақтың қызы. Оңтүстіктің тумасы екенін мақтанышпен айтты.

Неміс қызы тұрмысқа шыққан соң, ислам дінін қабылдаған. Қазір мешіт екінші үйі. Алламен тілдесіп, жаным тынышталады, дейді ол.

«Ислам дінінін 1993 жылы мешітке барып қабылдадым. Сол кезде некеміз де қиылды. Біздің бір марқұм жездеміз болған. Өте білімді кісі болатын, құранды жақсы білетін. Сол кісі маған зиратқа баруға болмайды деді. Алдымен саған дінді қабыдау керек, сосын баруға болады деді. Артынша ойланып, дінге кірейін, салт-дәстүрін білемін, дінін де қабылдайын деген шешімге келдім.

Өзге ұлт өкіліне шыққан кезде міндетті түрде дінді қабылдау қажет демеймін. Бірақ қабылдасаң Аллаға бір табан жақын боласың, мешітке барасың. Дінге кірген сауап болады. Бәріміз ораза ұстаймыз. Менің түрім ғана орыс қой. Бірақ жандүнием қазақ. Мешітке бармасам бір нәрсе жетпей тұрған сияқты. Кейде Құрбан айтта үлгере алмай қалсам, жүрегім ауырады

Қазақша сайрап тұрғаным ауылда өскенімнің арқасында. Ауылда екі ғана неміс отбасы болатын. Қалғанының бәрі қазақ. Сарыөзен совхозында әкем 12 жыл қойшы болды. Содан кейін Қорғалжынға көшіп келдік. Ал онда орыстар көп болды. Өз апам сол кезде тек қазаққа тұрмысқа шығасың, орысқа тиме деп айтатын. Бірақ Қоржалжында орыстар көп сөз салатын, бір қазақ сезімін білдірмеді. Жүрегім ауырды. Алла ақыры тілегімді ​ қабыл алып, жолдасымды кездестірдім», - деді Айнаш апа.​

Жазда жайлау, қыста қыстауға барып, түлкі қуып, атқа ертоқым салып үйренетінбіз. Сонда теледидарымыз жоқ, жарығымыз болған жоқ.

Айнаш апа 20 жыл тәрбиеші болған. Кейінен 17 жыл балабақшаның меңгерушісі қызметін атқарыпты.

«Қазрігі жастарға айтарым қазақша үйренсін, қазақша сөйлеуден қысылмасын. Балаларын тек қазақ мектебіне берсін. Балаларға сабағын қалай түсіндіремін, қиналып қаламын деп қысылмау керек. Мен де балаларымды қазақ мектебіне бердім. Шүкір, бәрі де білімді азамат», - деді Айнаш апа.

Серіктес жаңалықтары