Лайфхак: жылыжай бизнесін шығынсыз жүргізудің жетісайлық тәсілі

Автор: Azattyq Rýhy

Жетісайлық шаруа жылыжайын ерекше тәсілмен жылытады

Жетісай ауданы, Қарақай ауылдық округіне қарасты Сәтпаев елді мекенінде орналасқан «Жарылқап» шаруа қожалығына қарасты жылыжайдың аумағы 17 соттық. Қожалық төрағасы Жұпарбек Керімбеков бұл іспен 2004 жылдан бастап айналысады. 15 жылдан астам уақыттың ішінде 216 мыңға жуық көшет отырғызыпты. Желтоқсан айынан бастап ерте көктемге дейін көшеттерді баптау үшін 15 адам жұмыс істейді екен. Ал, көктем шыққаннан кейін жұмыс артып, қызметкерлер саны 50 адамға жетеді. Олардың бір күндік еңбекақысы 2000-4000 теңге аралығында.

Жылыжайды жылыту тәсілі де ерекше екен. Әрдайым +35 +40°С градусты сақтап тұратын нысанда арнайы жылу жүйесі жүргізілмеген. Қожалық иесінің айтуынша, соңғы 15 жылдың ішінде бірде-бір рет от жағылмаған. Жетісайлық шаруа мұндай жылыту әдісін көршілес Өзбекстан елінен үйреніп келген. Ол үшін мақта зауыттарынан шыққан қалдықтарды 50 см қалыңдықта жерге төсеп, үстіне су сеуіп, нығыздайды. Әбден кептіріліп, нығыздалған соң, жылыжайдың төбесі жабылады.

«Мен жылыжайды табиғи жолмен жылыту тәсілін 2002 жылы Өзбекстанның Ферғана облысынан үйреніп келдім. 2004 жылдан бері осы тәсілмен жұмыс істеп келеміз. Өнім жаман емес, жылда егетін 216 мың түптің 90 пайыздан астамы көгеріп, көшет береді. Бүгінгі көмір бағасының қымбаттығын ескерсек, жылыжаймен айналысушыларға бұл өте тиімді тәсіл. Себебі, шығын аз», - дейді қожалық иесі.

15 жылдан астам уақыт жылыжай бизнесін жүргізіп отырған Жұпарбек Керімбеков аудандағы өзге де шаруалармен тәжірибе алмасып, білгенін үйретуге дайын екендігін айтады.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысы Келес ауданында 500 гектар жылыжай салынады. Жоба толық жүзеге асқанда 10 мың адам жұмыспен қамтылады. Жылыжайды ресейлік инвесторлар салады және ол ТМД аумағындағы ең ірі кешен болмақ.

Арай Есенбек, Түркістан облысы