Адам өміріне араша түскен полицейлер: Жәнібек пен Ерланның сұхбаты

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың бірі жасөспірімді өз-өзіне қол жұмсаудан, бірі тұтас отбасын өрттен құтқарған

фотосурет: Жәнібек Темір, Ерлан Катаев

Ерлік жасау мамандық пен сала таңдамайды. Десе де, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ол - тәртіп сақшылары. Адам өміріне тікелей араша түсетін тәртіп сақшыларының әр күні қауіпке толы. Олар алдыңғы шепте, халық алдында қызмет ететіндіктен, ерлігі де, заңға қайшы әрекеті де бірден көзге түседі. Дегенмен, бүгін 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні қарсаңында тәртіп сақшыларының жасаған ерлігіне тоқталуды жөн көрдік.

Azattyq Rýhy тілшісі ерлігімен көзге түсіп, талай адамды ажалдан аман алып қалған полиция қызметкерлерінің бірнешеуімен байланысып, сұхбат құрды.

ПОЙЫЗДЫҢ АСТЫНА ТҮСПЕКШІ БОЛҒАН ҚЫЗДЫ ҚҰТҚАРҒАН

Осыдан бір жыл бұрын шымкенттік полицейлер өмірін қатерге тігіп, темір жол рельсінде отырған қызды өлімнен құтқарды. Шымкент қаласы Еңбекші аудандық Полиция басқармасының қызметкері, полиция капитаны Жәнібек Темір 17 жастағы жасөспірімді дер кезінде пойыз жолынан шығарып үлгерген. Қауіпті көрген сәтте еш ойланбастан көмек беруге ұмтылған оқиғаның бірер минут ішінде болғанын айтады. Полиция қызметкерінің жасаған ерлігі ескеріліп, арнайы медальмен марапатталған.

«Бұл оқиға өткен жылдың наурыз айында болды. Карантин уақыты болғандықтан жұмыстың қызып тұрған кезі. Әріптесім екеуміз әкімшілік аумақты қарау барысында қыз баланың қақпадан секіріп шығып, пойыз жолына қарай бет алғанын көрдік. Басында суретке түскісі келген шығар деп ойладым. Қазір, жастар суретке түсу үшін небір қауіпті жерлерге барып жатады ғой. Бір кезде келе жатқан пойыздың дауысы естілді. Қыз баланың қозғалатын түрі жоқ, тапжылмай темір жол рельсінде отыр. Қауіптің барын сезген бетте көліктен түсіп, оқиға орнына жүгірдік. Қақпадан секіріп, қызға жетемін дегенше пойыз тақалып қалды. Абырой болғанда қызды пойыз жолдан шығарып үлгердім. Кейін жасөспірімнің жігітімен сөзге келіп, осындай қадамға барғанын білдік. Оның үстіне өзі қатты ашуланса не істеп, не қойғанын білмей қалатын ауруы бар екен. Осылайша, 17 жастағы қызды аман-есен ата-анасына қайтардық. Бұл ісімді аса бір ерлік деп санамаймын. Біздің мідетіміз - азаматтарға көмек беру, қорғау және құтқару. Десе де, басшылық еңбегімізді ескеріп арнайы медальмен марапаттады», - дейді полиция капитаны.

Жәнібек мырзаның айтуынша, наурыз айында өз-өзіне қол салу оқиғалары жиі болады. Себебі, көктемде түрлі психикалық аурулар қозып, оқыс оқиғалар көбейеді.

«Ішкі істер органында 2011 жылдан бері қызмет етіп келемін. Тәжірибемде мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Оның үстіне көктем айында өз-өзіне қол салу көбейеді. Осы кезеңде түрлі психикалық аурулар қозады. Суидцидке міндетті түрде психологиялық күйзеліске түскен адам барады. Өкінішке қарай, отбасылық жанжал, жауапсыз махаббат, одан бөлек түрлі қиындыққа шыдай алмаған жандар өз өмірін қиюға дайын тұрады. Біз ондай адамдарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барынша көмектесуге тырысамыз. Қандай жағдай болмасын, бәрі өтеді, кетеді. Бүгін қиналсаң, ертең міндетті түрде жеңілдігі болады. Бәрін уақыт көрсетеді. Қай кезде де сабырлық таныту керек. Өз өміріңе бей-жай қарауға болмайды», - дейді Жәнібек Темір.

«ХАЛЫҚТЫҢ АЛҒЫСЫ ЖЕТКІЛІКТІ»

Ал, Нұр-Сұлтан қаласында патрульдік полиция инспекторы, аға лейтейнат Ерлан Катаев әріптесі Асан Балтабаевпен биыл қаңтар айында бір отбасын тілсіз жаудан құтқарып қалды. Өрт барлығы шырт ұйқыда жатқанда басталған. Сол маңайды бақылап жүрген Ерлан Катаев өрттің шыққанын байқап, дереу көмек беруге кіріскен. Олардың жедел әрекетінің арқасында әйел адам үш баласымен аман қалды.

«Таңғы төрт пен бестің арасы болатын. Әріптесім екеуміз түнгі кезекшілікте жүрдік. Өзімізге берілген патрульдеу аймағын аралап жүріп, алыстан жанып жатқан отты көрдім. Сол түні күн ерекше суық болды. Түтінді көрген соң дереу сол жаққа бет алдық. Біз барсақ, үйдің шатыры жанып жатыр екен. От пештен шыққан. Оттың оталған уақытына дөп түсіппіз. Үйдің қақпасы ашық тұр. Машинамен үйдің ішіне кіріп келдік. Есік қақсақ ешкім ашпайды. Үш пен төрттің арасы нағыз қатты ұйқының уақыты ғой. Үйде ешкім жоқ деп ойлайын десек, есіктің алдында жеңіл автокөлік тұр. Есікті бұзамыз деп шештік. Ішке кірсем, үйде кәмелетке толмаған үш бала және түпкі бөлмеде анасы жатыр екен. Үйдің іші түтіндеп бастаған. Дереу оларды оятып, сыртқа шығаруға кірістік. Үйдегілер не болағанын білмей абдырап қалды. Есік терезені ашып, құжаттарын алғызып, сыртқа шығардық. Кейін өрт сөндірушілер келгенше қалың қар лақтырып, өрттің өршіп кетпеуінің алдын-алдық», - дейді Ерлан мырза.

Жұмысының көптігінен сұрағымызға асығыс жауап берген Ерлан жасаған ісін ерлік деп санамайтынын, тек өз жұмысын орындап жүргенін айтты. Марапат үшін емес, халық үшін қызмет істеу міндеті екенін айтады.  

«Мұны ерлік деп санамаймын. Себебі, бұндай жағдай жұмысымда бірінші рет кездесіп тұрған жоқ. Бұл қызметте жүргеніме 13 жылдай болды. Талай қауіпті бастан өткердік. Түнгі кезекшілікте жүргендіктен түрлі төбелес пен оқиғалардың бел ортасында жүреміз. Өмірімізге қауіп төнетін жағдай күн сайын болады. Өзімнің басымнан өткен сондай бір жағдайды айтқым келіп отыр. Қызмет атқару барысында 2013 жылы ауыр жол апатына түстім. Мас күйде өзге біреудің көлігін айдап кеткен адамды ұстап, көлікті енді тұраққа апара жатқаным сол еді, кенеттен бүйірден келіп бір көлік қатты соқты. Өте ауыр жарақат алдым. Тіпті, жансақтау бөліміне түстім. Дәрігерлердің арқасында аман қалып, қызметіме қайта оралдым. Бұл біздің күнделікті жұмысымыз болғандықтан өзімізге келетін қауіпке әбден үйреніп кеткенбіз», - дейді полиция қызметкері.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан