«Жалғызбасты әкелер – біздің қоғамда жабық тақырып»: кейіпкермен әңгіме

Автор: Azattyq Rýhy

Азамат Түспеков үш баласын жеткізу үшін тынбай еңбек етіп жүр

фото: Азамат Түспековтің жеке архивінен

Қазақстанда жалғызбасты әкелер мен аналарға нақты санақ жүргізілмегеніне 10 жылдан асты. 2009 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстанда жалғызбасты әкелер саны – 68 256 отбасы. Олардың көпшілігі Алматы қаласы (9 594), Алматы (8 532) және Түркістан (6 855) облыстарында. Ұлттық статистика бюросының дерегі осындай.

2009 жылдан кейінгі келесі санақ 2019 жылы өтуі керек еді, бірақ ол пандемияға байланысты 2021 жылға қалды.

Azattyq Rýhy агенттігі көпбалалы және жалғызбасты аналар туралы үнемі жазады. Негізгі мақсат - олардың жай-күйін әкімдік пен тиісті органдарға жеткізу. Бүгін біз жалғызбасты әкелер тақырыбын қозғамақпыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – елордалық Азамат Түспеков. Оның айтуынша, жазғызбасты әке тақырыбы Қазақстан қоғамында әлі күнге дейін жабық. Кейіпкеріміз себебін түсіндіріп берді.  

«Есімде, бірде елорда әкімдігіне барып, әкімнің орынбасарына жолыққым келді. Кезек күтіп, кірдім. Аты-жөні есімде жоқ, ұлты басқа әкімнің орынбасары маған «есікті сыртынан жап» деді. Тыңдаған да жоқ. Ондай сәтте не істейсің? Бұрылып, келген ізіңмен кетесің. Мен қол жайып, біреуден бірнәрсе сұраған емеспін. Тек өз құқығымды қорғағым келді. Ер адам болған соң, мұндайға қолыңды бір сілтейсің. Сонда тұрғын үйдің кезегі түсініксіз өзгере беретін. Жалғызбасты аналар ұрыс шығарып, қаймықпай талап ете алатын. Өйткені, олар - әйел. Оның табиғатына жарасады», - дейді Азамат Төребайұлы.

АЗАМАТ БІР ҰЛ, ЕКІ ҚЫЗ ТӘРБИЕЛЕП ОТЫР

Жамбыл облысының Шу ауданында туып өскен Азамат – үш баланың әкесі. Үлкен қызы Мөлдір 20 жаста, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 4-курс студенті. Екінші баласы Мақаш 18-де, колледжде программист мамандығын меңгеріп жүр. Ал, үйдің кенжесі Махаббат 8-сыныпта оқиды.  

«Балаларымның анасымен бір шаңырақ астында 8 жылдай тату-тәтті өмір сүрдік. Бар болғаны 25 жасында жүректен қайтыс болды. Анда-санда жүрегінің сыздайтынын айтатын. Бірақ, жас кезде жаман ойламайсың ғой... Жарым дүниеден өткенде кіші қызым 1 жастан енді асқан еді», - деп, отбасындағы ең қиын күндерді еске алды. Осындай қиын шақта қолдау көрсеткен әкесіне, бауырларына және жолдастарына алғысын айтты.

«ӘКЕМ ДЕ 5 БАЛАСЫН ӨЗІ ЖЕТКІЗГЕН»

«Мен балаларымды жақсы көремін. Бұл қасиет марқұм әкемнен берілген. Әкем осыдан екі жыл бұрын, 73 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Мен де анамнан ерте айырылғанмын. Анам дүние салғанда бар болғаны 1-сыныпта оқитынмын. Ең кіші қарындасым ол кезде қырқынан енді шыққан нәресте болатын. Анам қайтыс болған соң, әкем бес баласын жалғыз өзі жеткізді. Бізге анамыздың жоқтығын білдірген жоқ.

Мен әйелімнен айырылған соң, үш баламды әкеме тастап, астанаға жұмыс істеуге келдім. Достарым шақырды. Ресейден зат тасып саттық. Қиын сәтте қолдау білдірген досыма, әкеме, қарындастарыма мың алғыс», - дейді ол.

Азамат 2 жыл үздіксіз жұмыс істеп, кейін үш баласын елордаға көшіріп алған.

«Пәтер кезегіне тұрдық. Он жылдан соң «Баспана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеңілдікпен ипотекаға пәтер алдық. Он жыл бойы үш баламен пәтерден пәтерге көшіп өмір сүрдік», - дейді Азамат.

Кейіпкеріміз үлкен қызы ерте есейіп, қолқанат болғанын айтады.

«Тұңғышым - Мөлдір ерте есейді, маған серік болды. Марқұм әйелімнің Есен деген інісі, Нұрзада деген апасы келіп тұратын. Бауырларым тамақ, ет беріп жіберетін. Сөйтіп, қиындықты өткердік», - деп Азамат көзіне жас алды.

Сұхбат барысында Азамат көп адамға алғысын айтты. Пәтер кезегінде тұрғанда Әсел есімді маманның құжат жинап көмектескенін, Nur Otan партиясынан Шыңғыс есімді азаматтың балаларды көптеген іс-шараларға шақырып, қол ұшын созғанын айтты.

«Біздің қоғамда жалғызбасты әкелерді қолдайтын бірлі-екілі фонд бар. Бірақ, олардың атын адам естімеген. Олар ара-тұра көмек бергені жайлы ақпарат беріп қояды. Оның бәрі тек «құсбелгі» үшін. Шын мәнінде олар - қол қусырып отырған фондтар. Мен ешкімнен көмек сұраған емеспін. Ондайды ұнатпаймын. Бірақ қоғамда жалғызбасты әкелердің бар-жоғы білінбей өмір сүріп жатқанымыз шындық», - деп, Азамат қоғамдағы жалғызбасты әкелерге қатысты проблеманы көтерді.

Азамат балаларын жеткізу үшін лайықты білім алып, қоғамда орныққан тұлғаға айналуы үшін тынбай еңбек еткен. Тіпті, бизнес-жоспар құрған.

«Үш жыл бұрын «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына бизнес-жоспарымды ұсындым. Бірақ ол кезде банкке кепілдікке қоятын үйім болмады, сосын маған грант тағайындалмады. Өзім құрған әлеуметтік бағдарламам пісіп-жетіліп тұр. Тек оны іске асыруға қолым қысқа», - дейді ол.

Азаматтың тұңғышы – Мөлдір биыл диплом алады. Ұлы да бір жылдан соң колледжді тәмамдамақ. Екеуі де ақылы бөлімде оқиды, еңбекқор әке оқу ақысын уақытында төлеп келеді.

«АЛЛАДАН ТЕК ДЕНСАУЛЫҚ ТІЛЕЙМІН»

«Қазір жастар үйлене салып, бір-екі айдан кейін ажырасып кетіп жатады. Бұл не деген жауапсыздық? Жастарға «бір-біріңді бағалаңдар» дегім келеді.

Мен күн сайын Алладан «ауырмасам болды» деп, денсаулық тілеймін. Себебі, ұзақ мерзімді ипотекам бар. Балаларым тоқ жүруі керек. Олар өсіп қалды. Үйленіп, үй болып кеткенше демеуім керек», - дейді үш баланың әкесі.

Заңгер Олжас Қамбаров Қазақстанда жалғызбасты ананың, немесе жалғызбасты әкенің заңды мәртебесі жоғын айтады. Яғни, баланы өз бетінше тәрбиелейтін ата-аналардың бірі ешқандай жеңілдіктерге ие емес.

«Егер аз қамтылған отбасы санатына жататын болса, онда олар қандай да бір жәрдемақыға үміткер бола алады. Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, жалғызбасты аналарға немесе әкелерге арнайы жәрдемақы қарастырылмаған. Бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бұл балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған әйелдерге немесе әкелерге қатысты.

Жалғызбасты аналар немесе әкелер атаулы әлеуметтік көмекке (АӘК) өтініш бере алады. Алайда, бұл көмек отбасының табысы ең төменгі жалақының 50%-ынан кем болған жағдайда ғана ұсынылады. Оның құны - 28 284 теңге», - дейді маман.

Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан