«Аш жататын күндеріміз де бар». Жалғызбасты ана аутизмге шалдыққан ұлын мүгедектікке шығара алмай жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Айгүл Күлмендиева есімді елордалық тұрғын көпшіліктен көмек сұрайды

Нұр-Сұлтанда тұратын Айгүл Күлмендиева банктегі несие қарызын жаба алмағандықтан, аутизм дертіне шалдыққан 6 жастағы ұлы Кәрімге мүгедектік құжатын ала алмай қалуы мүмкін. Бір бөлмелі жатақхананы жалдап тұрып жатқан келіншек әр айдың 14-де келетін пәтерақысын төлеуге де қаражат таба алмай отырғанын айтып, көпшіліктен көмек сұрайды. 

Azattyq Rýhy тілшісі Айгүл тұрып жатқан жатақханаға барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты.

Кейіпкеріміз көгерген иіс қолқаны қабатын жатақхананың бір бөлмесін 55 мың теңгеге жалдап тұрып жатыр. Таңғы асқа Bigbon (кеспе – авт.) ішіп отырған кішкентай Кәрім өздерін іздеп келген түсірілім тобын көріп, қуанғаннан мойнымызға асыла кетті.

ПОДЪЕЗД ЖУЫП, ҮЙ ТАЗАЛАЙДЫ

Ал, Айгүл болса көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр қылған тағдырына өкпеледі ме, әлде, өздерін іздейтін жандардың бар екеніне елжіреді ме, біз кіргеннен булыға жылап, көз жасын тоқтата алмады.

«Ұлыма аутизм диагнозы қойылған. Карантин басталғалы жағдайымыз қиындап кетті, кейде тамаққа ақша таба алмай аш жататын күндер болады. Жұмысқа барайын десем, жолыма ақша таба алмай қаламын. «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген осы екен. Бұдан бірнеше жыл бұрын ғана Нұр-Сұлтанда өз пәтерім болды, базарда бутик жалға алып, киім сататын едім. Қазір оның біреуі де қалмады. Ай сайын пәтерақымды жабу үшін ыдыс-аяқ жуамын, подъезд тазалаймын. Оның өзі күн сайынғы тамағымыз бен ұлымның емінен артылмайды. Қыс басталғалы тапсырыс аз, оның үстіне кішкентай Кәрімді тастап кететін адам жоқ. Қазір бір балабақшамен келісіп, күніне 2000 теңге төлеп ұлымды қалдырып кетемін. Балам науқас болғандықтан, кез-келген балабақшаға бере алмаймын. Мына жатақханадағы бөлмені 55 мың теңгеге жалдап тұрып жатырмын», - деді ол.

ЕКПЕДЕН КЕЙІН ҰЛЫНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ НАШАРЛАП КЕТКЕН

Туғанда сап-сау болған кішкентай Кәрім 2 жас 2 айлығында алған үндістандық «АКДС» БЦЖ екпесінен соң адам танымастай өзгерген.

«Кәрімге 2 жас 2 айлығында Нұр-Сұлтандағы №2 поликлиникада екпе салды. Екпеден соң оның дене қызуы +41 градусқа көтеріліп, ешқандай реакция бермей қалды. Содан баламды бірден невропатолог, психологқа қараттым. Мамандар бізге аутизм белгілері бар деген диагноз қойды. Баламды емдетіп жүрген кезде оған тағы БЦЖ екті, нәтижесінде ішегіндегі лимфа түйіндері асқынып, екі рет ота жасады. Мамандар ұлымның денсаулығының нашарлап кеткеніне екпенің еш қатысы жоқ дейді. Бірақ, балаға екпе жасағаннан кейін, ертесі ол ота үстелінен бірақ шықты. Бұл туралы біздің денсаулық картамызда да жазылған. Көз алдымда жүгіріп жүрген баламның аутизм дертіне шалдықты дегенін қабылдай алмадым. Қайтсем, осы балапанымды аяғынан тұрғызамын деп екі бөлмелі пәтерімді саттым. Ол үй менің марқұм болып кеткен ата-анамнан қалған еді, үйдің жарты ақшасы мүгедектігі бар інімнің үлесіне берілді. Қалғанына несиемізді жаптық. Күйеуім Өзбекстан азаматы еді, бір жыл бұрын ол ұлым екеумізді тастап кетіп қалды. Алимент төлемес үшін заң жүзінде менімен ажырасуға рұқсат та бермей отыр», - деді Айгүл.

БЕС АЙ ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНДА ӨМІР СҮРГЕН

Туыстарынан да, күйеуінен де еш көмек болмаған соң, Айгүл өзіне қол жұмсамақ болғанын айтады. Алайда, өмірден күдерін үзген келіншекті бұл әрекетінен учаскелік полиция құтқарып қалған.

«Өзбекстанға күйеуіммен бірге көшуге дайындалып, жеке кәсібімді жауып, бауырыма үй алып, несиемді жапқан едім. Бірақ ол бізді тастап кетті. Мен ешқашан ешкімге қол жайып, көмек сұрап көрген емеспін. Бірақ коронавирус басталғалы жағдайым нашарлап кетті. Сауда да жоқ, кафелер жабық. Арасында үй тазалауға ғана барамын. Күйеуім тастап кеткеннен кейін, кішкентай ғана шатырда өмір сүрдік. Бір күні өзімнің дәрменсіз күйімді қатты сезінгенім соншалық күйеуіме хабарласып: «Балаңды алып кет, бүгін түнде мына дүниемен қоштасамын» дедім. Өз өзіме қол жұмсағым келді... Содан күйеуім біз тұрып жатқан пәтердің қожайынына хабарласқан екен, ол кісі учаскелік полицияны шақырыпты. Жағдайымды көрген полицей жігіт: «Тәте, жиналыңыз! Аяғыңыздан тұрып кеткенге дейін, дағдарыс орталығында бола тұрыңыз» деді. Сол жігіттің көмегімен «Үміт» дағдарыс үйінде бес айдан аса тұрдық. Орталықта ұлым қиналып кетті, себебі, аутизм дертіне шалдыққан баланың мінезі басқаша болады. Ол қарапайым балалар жейтін кей тамақты жей алмайды да. Саудада жүрген кездегі қалған киімдерімді интернет арқылы сатып, осы кішкентай жатақханаға шықтым. Кейде аш жататын күндеріміз де болады»,- деді кейіпкеріміз.

КӨПШІЛІКТЕН КӨМЕК СҰРАЙДЫ

Біз барғаннан үздіксіз қоңырау шалған «банк менеджерлерінен қорқып шаршадым» деген Айгүл осы айдағы пәтерақысының жарты ақшасын жинап қойыпты.

«14 күні жатақхана қожайыны келеді. 55 мыңның жартысын жинап қойдым, енді қалғанын қайдан табарымды білмеймін. 17 наурызда Кәрімге мүгедектік құжатын аламын, ал зейнетақы түсетін есепшотты ашу үшін 1 миллион теңгеден асатын несиемді жабуым қажет. Карточкам бұғатта тұр. Қазір бұрынғы күйеумінің картасы менде. Көмек қолын созамын деушілер болса, маған аз да болса демеу беріп жіберіңіздерші. Ауру баламен мен қазір күйеуіме де, туыстарыма да қажет болмай қалдым. Қандай жұмыс болсын істеуге дайынмын, тек ұлымды кімге қалдырарымды білмеймін», - деп мұңын шақты жалғызбасты ана.

Айгүлге көмек қолын созғысы келетін оқырмандар болса, Kaspi банкіндегі карточка нөмірі: 5169 4971 9062 4084 (Ikbollidin Rustamov);

Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан