Хирург қазақстандықтардың ең жиі жасататын пластикалық операциялары жайында
Күн өткен сайын Қазақстанда пластикалық хирургия саласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Аталған қызмет түрінің қолжетімділігі бет-әлпеті мен дене пішінін өз қалауындай өзгерткісі келетіндердің қатарын көбейтті. Ел тұрғындары арасында да пластикалық отаға деген сұраныс жоғары. Мамандардың пікірінше, еліміздегі ең танымал пластикалық операциялар қатарына қабақты хирургиялық жолмен өзгерту мен омырау пішінін үлкейту кіреді екен. Оның үстіне, біздегі пластикалық хирургия нарығы бәсекеге қабілетті, ота жасау бағасы да қалтаға ауыр салмақ салмайды.
Azattyq Ruhy тілшісі елордадағы пластикалық хирургия орталықтарының бірінде жұмыс істейтін тәжірибелі хирург Әлішер Бектеміровпен сұхбаттасып, қазақстандықтар жиі жасататын пластикалық операциялар, олардың денсаулыққа әсері мен мерзімі, ерлер қауымы ең көп жүгінетін оталар жайында әңгімелесті.
Бет-пішініне көңілі толмайтын қазақстандықтар саны артқан
Маман бүгінгі күні пластикалық отаға деген сұраныс көп дейді. Айтуынша, күніне клиникаға құлағын, мұрнын, ернін өзгерткісі келетін 10-15 адам келеді екен. Оларға дәрігер арнайы кеңес беріп, қажетті анализдер алынып, бәрі ойдағыдай болса ота жасалады.
«Елімізде пластикалық хирургия жылдам дамып келеді. Соңғы кездері пластикалық операция жасатқысы келетін отандастармыздың қатары көбейді. Біздің клиникаға күніне 10-15-тен астам адам келеді. Бір айда шамамен 100-ден астам адамға қызмет көрсетеміз. Әр науқастың жағдайын жіті қадағалап, қалауын орындаймыз», - дейді маман.
Оның айтуынша, жасататын оталардың сақталу мерзімі бар. Егер денсаулығыңызда ақау болмаса, жасанды ерін мен төстің адамға тигізетін еш қаупі жоқ.
«Егер адам жүктілік пен бала емізу мерзімінде болмаса, созылмалы ауруы жоқ болса, ешқандай алергиялық белгілер байқалмаса, жасанды ерін, қабақ пен төс жасату қауіпсіз. Тек денсаулығыңыз толығымен жарап тұрса ғана, пластикалық ота жасауға болады. Ал, егер ағзаңыз дайын болмаса, тәуекелге барудың қажеті жоқ.
Қазір еріндерді жасанды жолмен ісіру барысында гиалурон қышқылы негізіндегі екпе егіледі. Ол екпе адам ағзасына ешқандай кері әсер бермейді. Және 6 айға созылатын көлем сыйлайды. 6-8 айдан кейін ақырын тарай бастайды. Бұрын оның орнына полмерлік гель қолданылатын. Бұндай процеспен жасалған ерін өмір бойы тұратын. Бірақ, қазір ондай екпе егілмейді. Бәрі уақытша және денсаулыққа қауіпсіз.
Ал, жасанды төске келсек, оған силиконға негізделген имплант салынады. Аталған импланттар адам ағзасына сәйкестендіріліп жасалғандықтан, ешқандай қауіп төндіріп, жайсыздық туғызбайды», - деді маман.
Қазақстанда пластикалық хирургия халыққа қолжетімді
Имплант көбіне шет мемлекеттерде өндіріледі. Қазақстанда ондай өнімдер шығарылмайды. Біздің дәрігерлер имплантты Германия, Франция, АҚШ-тан алдырады. Бағасы әрине, сапасына қарай қымбаттай береді.
Оның айтуынша, Қазақстанда пластикалық ота жасату аса қымбат емес. Адам шошытатын бағалар жоқ.
«Қазақстанда басқа елдермен салыстырғанда пластикалық ота жасату әлдеқайда арзан тұрады. Тиімді бағада сапалы ота жасатуға болады.
Мысалы, біздің клиникада блефаропластика жасату яғни, көздің жоғарғы қабағын өзгерту 85 мың теңгеден басталады. Құлақты өзгерту – 150 мыңнан, ал ерінді ісіру арнайы филлерге байланысты өзгеріп отырады, шамамен 300 мың теңгеден басталады», - дейді маман.
Пластикалық отаға ерлердің талабы өте жоғары...
Пластикалық ота көбіне әйелдер арасында жоғары сұранысқа ие болғанымен, аталған қызмет түріне ер адамдар да жиі жүгіне бастаған. Хирург ота жасау барысында әйелдерге қарағанда ерлердің өте талапшыл екенін айтты.
«Әрине, пластикалық отаның негізгі және жоғарғы бөлігін әйел адамдар құрайды. Бірақ, қазіргі уақытта ер адамдар да пластикалық хирургияға жиі жүгінеді. Олар көбіне егде жасқа келіп қалған азаматтар. Қабақтарын алдыру, салбыраған беттерді көтеру, көз астындағы мимикалық әжімдерді тарттыруға көбірек келеді. Бірақ ерлердің дәрігерлерге қойатын талаптары өте жоғары. Сондай-ақ, ерлерге ота жасау шешімін қабылдау ауырға соғады. Мысалы, әйел адамдар көздерінің үлкейіп, қабақтарының ашық көрініп тұруын қаласа, ер азаматтар керісінше, салбыраған теріні алдыруды ғана жеткілікті санайды. Олар пластикалық отаның жасалғаны білінбей, бәрі табиғи көрінгенін қалайды», - дейді хирург
Пластикалық хирургия – ерін мен төс үлкейту ғана емес...
Әлішердің айтуынша, көпшілік пластикалық отаны тек әдемілік жасау ғана деп біледі. Бірақ, медицинадағы бұл сала өзіне бірнеше мамандықты топтастырған. Ол әдеміліктен бұрын өмір сапасын жақсартуды қамтамасыз етеді.
«Менің пластикалық ота жасап жүргеніме біраз жыл болды. Қазір көбі пластикалық хирургияның тек эстетикалық хирургия, яғни, төс үлкейту, ерін ісіру, көз-мұрынды әдемілеу деп ғана түсінеді. Бірақ медицианың бұл саласы сіз ойлағаннан да ауқымды және өзіне бірнеше күрделі мамандықты қосады. Мысалы, реконструктивті пластикалық хирургия түрі – туа біткен дене, бет кемістігін қалпына келтірумен айналысады. Ресейде жұмыс істеп жүргенімде дәл осы бағытта көптеген операциялар өткіздім. Аяқ-қол жарақаттары, туғаннан пайда болған ақауларды қалпына келтірумен айналыстық. Сондықтан, пластика дегенміз тек әдемілік жасау емес, өмір сүру сапасын өзгертіп, адамдарға сенімділік сыйлау екенінін естен шығармаған жөн», - деді ол.
Сонымен қатар маман, пластикалық операцияға саналы түрде бәрін жан-жақты ойланып барып келу керектігін қатаң ескерте айтты. Пластикалық ота жасау үшін бірнеше қағиданы міндетті түрде есте сақтау керек.
«Пластикалық ота жасамас бұрын іштей отаға толық дайын болу қажет. Пациент нақты нені өзгертісі келетінін дұрыс шешуі керек. Содан кейін ғана дәрігерден арнайы кеңес алуға болады. Сондай-ақ, хируг таңдағанда да өте мұқият болыңыз. Себебі сіз денсаулығыңыз бен әдемі бейнеңізді бейтаныс адамға тапсырасыз. Сіз таңдаған хируг өзіңізді түсінетін, сізбен толық ортақ тіл-табысып кете алатын жан болуы керек», - дейді Әлішер Мәдиұлы.
Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан