Жеті атадан бері тек зергерлікпен айналысатын әулет өкілімен сұхбат

Автор: Azattyq Rýhy

Шеберлер династиясының өкілі зергерлік өнердің қыр-сырымен бөлісті

фотосуреттер Төремұрат Өмірдің жеке архивінен

Бейнеу ауданында тұратын Өміровтер әулеті жеті атасынан бері алтын мен күмістен түрлі зергерлік бұйымдарды соғумен және күйшілікпен айналысып келе жатыр.

Бүгінде omir_jewelry брендімен танымал отбасының ортаншысы Төремұрат Өмір Azattyq Rýhy тілшісіне Қазақстандағы зергерлік өнердің қыр-сыры, қолөнер саласындағы мәселелер туралы айтып берді.  

«ЗЕРГЕРЛІК ЖЕТІ АТАДАН КЕЛЕ ЖАТҚАН КӘСІП»

- Отбасында екі ұл, бір қыз бар. Арғы атамыз Өмір, біздің атамыз Жүндібай, әкеміз Өтепқали, одан соң ағам және қарындасым зергерлікпен айналысып келе жатыр. Әкеміздің ағасы – Аманбай Өміров деген кісі алғаш саз мектебін ашып, балаларға домбыра шертуді үйретіп, республикалық деңгейде оркестр құрып шығарған. Ата кәсібіміз - осы зергерлік. Әулетімізде мемлекеттік қызметте жұмыс істеген немесе басқа іспен айналысқандар болған емес. Қолөнер және күйшілікпен айналысу ұрпақтан ұрпаққа мирас болып жалғасып келе жатыр. Әкеміз бұрынғы Гоголь, қазіргі О.Таңсықбаев атындағы колледждің қолөнер және көркемдеп өңдеу мамандығын, одан соң Абай атындағы педагогикалық институтының көркемсурет-сызу факультетін бітірген. Ағам Төлеген Өміров - Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының кескіндеме және мүсін факультетінің түлегі. Мен аталған академияның сәндік қолданбалы өнер кафедрасының металды көркемдеп өңдеу (зергерлік) мамандығын бітірдім. Әкеміз де, бізде де аталған саланы ата кәсіп ретінде ғана емес, кәсіби түрде меңгердік. Өмірлік және кәсіби ұстамыз болып келе жатқан әкеміз бүгінде зейнетте. Ағам екеуміз ата жолын қуып, атадан балаға жалғасқан өнердің тізбегін үзбей келе жатырмыз. Бізде баламызға осы өнерді үйрету қастерлі борышымыздың бірі деп білеміз. Бейнеудегі шағын шеберханамызда әкем, мен, ағам және қарындасым төртеуіміз жұмыс істейміз. Қарындасым қазақтың көркем тоқымасы –  кесте тігу, киіз басу, басқұр тігумен айналысады. 

ҚОЛӨНЕР САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

- Қолөнерді дамыту - ең алдымен шеберлердің міндеті. Өз бұйымымды өзім насихаттап, көрсетпесем, мен үшін оны ешкім жасап бермейді ғой. Оны дамыту бұйымды өндірушілердің қызығушылығындағы мәселе. Арманым – қазақтың зергерлік брендерінің ішінен Tiffany, Cartier сынды әлемдік сұранысқа ие болатын дүниелер өндіру. Олардың жасаған дүниенің біздің өнерден асып бара жатқан ерекшелігі жоқ. Біздің де ешкімге ұқсамайтын қазақы стиліміз бар.

Шымкентте зергерлік бойынша білім беретін Ә.Қастеев атындағы өнер колледжі бар. О. Таңсықбаев атындағы, Т.Жүргенов атындағы колледж бар. ЖОО арасында Т.Жүргенов және «Шабыт» университеттері бар. Жыл сайын осы оқу орындарын қаншама шеберлер тәмамдап жатқанымен, олардың барлығы шеберхана ашып кете алмайды. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан берілетін гранттар бізден басқа саланың өзін қамтамасыз ете алмай жатыр және олардан қаражат алу үшін өз атыңда үйің, алатын соманың бағасынан екі есе көп мүлкің болуы тиіс. Жұмыс іздеп жүрген жас маманда ондай мүлік қайдан болсын?! Мәселен, біздің топта зергерлікті 4 жігіт бітірді. Бірақ, мамандық бойынша қазір мен ғана жұмыс істеп жатырмын, қалғаны басқа шаруамен айналысып жүр. Тағы айтайын, зергерлікті кәсіп ретінде дамыту үшін жақсы қолдау керек. Себебі, зергерлікке қажетті алтын, күміс, гауһар тастардың барлығы қаражатты талап етеді. Біз үшін осы мектепті әкеміз қалыптастырғаннан кейін, аса қиын болмады. Құрал-сайманымыз алдымызда, бар білгенін үйрететін шебер бар. Ал, зергерлік оқуын бітірген жас маманның ертең шеберхана ашып, оған шетелден сапалы құралдар алдыруға, ғимаратты жалға алуға қаражаты болуы тиіс.

«МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚОЛДАУ ЖОҚ»

- Шын шеберге, кәсіби зергерге айналу үшін ұзақ уақыт керек. Қазір зергерлікпен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау аз. Бұрын «Шабыт» конкурсы болатын, ол да тоқтап қалды. «Шебер» конкурсы тоқтауға жақын. Шебер болуға көбінде қарапайым отбасыдан шыққан жігіттер келеді, оларға ата-анасы қаржылай көмек бере алмайды. Сосын амалдың жоғынан университетте сабақ беріп, лаборант болып, бизнесмендердің жеке меншік жобаларында жүреді. Кәсіпке адал жігіттер белгілі бір зергерлердің қоластында шыңдалып, біраз жылдан соң өз алдына бөлек кетіп жатыр. Мұндай жетістікке жету үшін төзім мен шыдам қажет. Аты қалыптасқан шеберлер кез-келген адамды жұмысқа ала бермейді. Оның өзіндік құпиясы, өз әдістері бар және ондай шеберлер мұндай саф өнерді кім көрінгенге ашып, үйреткісі келмейді. Зергерлік ұрпақтан ұрпаққа, тек сенімді адамдарға ғана үйрететін өнер.

Күйші домбырада ойнап эфирге шықса, оның орындаушысын танимыз, бірақ домбыраны жасаған шеберді халық білмейді. Әнші әдемі алқа тағып шықса, қазақы әнші деп танимыз, бірақ халық оған сән бәріп тұрған алқаны соққан шеберді танымайды. Осы тұста танымал адамдар шеберлердің атын атап, ұлттық бұйымдарымызды насихаттауға үлес қосса жақсы болар еді. Сондай-ақ, біздің елдегі елшіліктер бар, шенді-шекпенді адамдарымыз бар, елге келген түрлі шетелдік делегациямен, елшілерге, шетелдік гастрольмен келген жұлдыздарға, сыйлы қонақтарға өзіміздің ұлттық бұйымдарды сыйға тартуды әдетке айналдырғаны абзал.

Қазір өзіміз сынды жас зергерлер көп. Қазақтың ұлттық бұйымдарының сапасы біздің отандық нарықта кейде сын көтермей жатады. Кейбіреулер сымнан орай салған дүниесін маркетинг жолымен өткізіп жібереді. Нарықтағы орташа бұйымдарды қырғыз ағайындар жасайды. Әлбетте, бағасына қарай сапасы да белгілі. Сол себепті, зергерлік нарықты өз ішімізде кеңінен дамытып, бәсекелестер қатары көбейіп жатса, баға қолжетімді болып, сапасы жақсарар еді.

ТАПСЫРЫС ПЕН ЖҰМЫС ҚҰНЫ, ШИКІЗАТ МӘСЕЛЕСІ

- Ұлттық банктен шикізатты монета күйінде аламыз, сосын СберБанк бар. Алған монеталарымызды лигатураға апарып тазартамыз. Ұлттық банктен алған сынамасы 925 күміс кейде таза жұмысқа жарамай қалатын кездер болады. Үкімет тым болмаса таза материалды қолжетімді, сапалырақ етіп қойса, бізүшін ол да бір көмек болар еді. Күмісті екінші деңгейлі банктердің өзінен таба алмай, қиналатын кезіміз де болады.

Қай кәсіп болмасын, адамның табанды еңбегіне байланысты. Адам еріншек болса, табысы да кәсібіне сай болады деп ойлаймын. Қазақтың салт-дәстүрі бар жерде сыйға өзіміздің ұлттық бұйымдар беріледі. Тұтынушыларымыз қыз ұзатуға сәукелесін тіктіріп, құстұмсық жүзігін жасатып, құдағи жүзігіне тапсырыс береді. Соңғы уақытта ұлттық бұйымдар кеңінен таралып, жақсы насихатталып жатқаны қуантады. Шеберханамызға еліміздің түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де тапсырыс түседі. Жуырда ғана Германия, Мысырға өнімімізді жөнелттік. Баға өнімнің сапасына, жасалу уақытына, композициясына байланысты қойылады. Мәселен, бір ғана күмістен жасалатын технологиясы ең қарапайым сақиналарды үш күнде жасап шығарамыз. Ал өрнектері қиын, композициялық тұрғыдан тұтынушының талабымен шешілген бұйымдар бір айдан артық жасалады. Себебі, жұмыс мұқияттылықты талап етеді. Жалпақ келген қос білезіктерге бір жарым айдай уақыт кетеді. Біздікі маңғыстаулық зергерлік өнер болғандықтан, сіркелеу, зерлеу жұмыстарымен айналысамыз. Алтын жалату, гравюра, эмаль тәсілін де пайдаланамыз. Табысымыз тапсырысқа байланысты. Кейде бір айда бір жүзік, бір білезік сататын кездер болады. Шеберханамызда түйме, шашбау, шолпы, сырға, бойтұмар, тұмарша, өңіржиек, шекелік, ер-тұрман, қамшы, асатаяқ, кәдесыйға арналған дүниелер, тұсау кесуге арналған хантеңгеге дейін жасаймыз. Әкем айтпақшы, қай жерде қазақылық сақталса, сол жерде қазақ зергерлік өнеріне сұраныс бар. Қазақтың зергерлік өнері – қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі және қазақтың ертеден келе жатқан мәдени өркениетінің жоғары деңгейде болғанын көрсететін асыл өнер. Жалпы, қарыны аш халыққа өнер, мәдениет керек емес. Күнкөрістің қамымен жүрген жан өнердің парқына бас қатырмайды. Қай кезде халықтың жағдайы жақсы болады, сол кезде халық мәдениетке, әсемдікке, өнер мен дамуға ұмтылады. Сондықтан сапалы өмір сүретін қазақтардың саны көп болуын тілейміз!

Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан