Венгрияда білім алу, мажарлардың мәдениеті және ұшқыш болу жайлы

Автор: Azattyq Rýhy

Дебреценде ұшқыш мамандығы бойынша білім алып жүрген маңғыстаулықпен сұхбат

Асқарбай Қызылғұлов, Дебрецен университетінің студенті

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Таушық ауылының тумасы Асқарбай Қызылғұлов Еуропаның үздік жоғары оқу орындарының бірі - Дебрецен университетінің «Азаматтық авиация» факультетінде білім алып жатыр.

Azattyq Rýhy тілшісі Асқарбаймен ұшқыш мамандығы бойынша шетелдік ЖОО-ға тапсыруға қажет құжаттар, Венгриядағы оқу жүйесінің ерекшелігі, сондай-ақ Қазақстанды ата-жұрты деп санайтын мажарлардың бізге ұқсастығы жайында әңгімелесті.

ТҮПҚАРАҒАННАН ВЕНГРИЯҒА ДЕЙІН

- Отбасымызда 5 бала, үлкен әпкем мен екі ағамнан кейінгі төртіншісімін. Менен кейін інім бар. Әкем мұнай компаниясының бірінде жүргізуші, анам математика пәнінің мұғалімі. Ұшқыш мамандығын өз қалауым бойынша таңдадым. Ата-анам дәрігер немесе инженер болғанымды қалады. Бірақ Назарбаев зияткерлік мектебінде 10 сыныптан бастап инженерлік бағытты тереңдете оқығандықтан, болашағымды тікелей осы саламен байланыстырдым. Қазір ұшқыш мамандығын оқу көп жерде ақылы түрде, тегін оқыту орындары өте аз. Оның үстіне, Еуропада білім алу арманымның бірі болатын. Ол жақтағы оқу жүйесінің Қазақстаннан қандай айырмашылығы барын өз көзіммен көргім келді. Одан бөлек, әлемнің түкпір-түкпірінен студенттер жиналған, өзге елдің тілі, мәдениетімен танысу өте қызықты болды. Венгрияда өмір сүріп жатқаныма осымен екінші жыл. Осы уақыт аралығында білім жағынан, өмірлік тәжірибе тұрғысынан көп дүние үйрендім. Оқу қазір аралас түрде өтіп жатыр, себебі, кей пәндер бойынша онлайн оқыту жеткіліксіз. Мәселен, практика немесе лабораториялық жұмыстарда. Әрине, сабақ оффлайн режимде өтсе де, қолымызды таза ұстап, маска тағып, қауіпсіздік шараларын сақтаймыз. Венгрияның оқу жүйесінде біздегімен салыстырғанда аса қатты ерекшелік бар деп айта алмаймын. Алайда, бұл жақта студенттің өзінше ізденуі бірінші орында. Қай сабақты алсақ та, ұстаздар студенттердің өз бетімен талаптануына, ізденуге үгіттейді.

ҰШҚЫШ МАМАНДЫҒЫ ЖӘНЕ СТУДЕНТТІК ӨМІРІ ТУРАЛЫ

- Ұшқыш мамандығына қойылатын ең бірінші талап – денсаулық. Себебі, биіктіктегі қысымды кез-келген адамның денсаулығы көтере бермейді. Әсіресе, ұшақта түрлі маневр жасау барысында адам миында көптеген өзгеріс болады. Яғни, оларды көтеріп, ұшу көрсеткіш құралдарына мұқият болуың керек.

Құжаттарға келсек, міндетті түрде кем дегенде 2 рет медициналық тексеруден өту қажет. Сонымен қатар оқу жөніндегі сертификаттар (GPA 4.0/5.0), аттестат, ағылшын тілін меңгеруге қатысты сертификат (IELTS – мин. 6.0). Студенттік өмірдің алғашқы жылы қызықты өтті. Көптеген студенттік іс-шара өткізілді (YouDay, Венгрия елінің атақты әртістері концерт қойды). Қазір карантин режиміндеміз, кафелер, ойын-сауық орталықтары жабық. Оның үстіне, кешкі сағат 8-ден кейін сыртқа шығуға болмайды, сол себепті уақыттың көбін үйде өткіземіз. Қазақстаннан келген жерлестерімізбен араласып тұрамыз. Шет мемлекетте барлығын бір ауылдың адамындай сезінемін. Әрдайым бір бірімізге көмек беруге дайын тұрамыз. Стипендия 50 мың теңге (43700 форинт). Бұл сома бір айлық тамақ немесе жабдықтарға жеткілікті. Оқу орнында, пойыздарда студенттерге арналған жеңілдіктер бар. Оқуымды аяқтаған соң «Эйр Астана» әуе компаниясына жұмысқа орналасуды жоспарлап жүрмін. Ұшқыш болудың бір кемшілігі - әрдайым отбасынан алыс жүресің. Сондықтан, қазақстандық әуе компаниясында жұмыс істеу өзіме де, отбасыма да жақсы таңдау болар еді.

ВЕНГРЛЕР МЕН ҚАЗАҚТАР

- Венгр халқы қазақтарға қатты ұқсайды, қонақжай, әрдайым көмек беруге дайын тұрады. Мұнда бірнеше рет киіз үй көрдім. Ұлттық тамақ, салт-дәстүр бойынша ерекшелік бар. Венгр халқы да мереке кезінде көңіл көтергенді жақсы көреді, үнемі билеп, көтеріңкі күйде жүреді. Тұрғындар әділетті, ішкі мәдениеті жоғары. Бірде осында орналасқан азық-түлік орталығында сауда жасап, енді үйге қайтуға кетіп бара жатқанда, байқаусызда қалтамнан ақша түсіп қалыпты. Мен ештеңені байқамай, құлаққаппен өлең тыңдап келе жатқанмын. Содан мені бір әжей шақырды, артыма қарасам қалтамнан түсіп қалған ақшаны қолыма ұстатып тұр. Бұл бағытта арлы-берлі жүретін адам көп, кез-келгені алып кетсе де, ештеңе істей алмас едім.

Бір жыл бұрын венгр тілінің курсына қатысқанмын. Ондағы кездескен кейбір сөздер де танғалдырды. Мәселен, алма - алма болып айтылады, уборка – қияр. Оған қоса, венгр тілі айтылуы жағынан қазақ тіліне жақын. Венгр тілінде де жіңішке дыбыстар кездеседі (ү, і т.б.), сол себепті қазақтарға венгр тілін үйрену басқа ұлт өкілдеріне қарағанда жеңілірек. Венгр тілі үйренуге ең қиын тілдердің қатарына кіреді. Супермаркеттерде «екі» санын айтқанда, саудагер менің қазақстандық екенімді бірден түсінді. Ол кісіден «қалайша түсіндіңіз?» дегенімде филолог екенін және «екі» сөзі арқылы қазақ тілінде сөйлейтінімді білгенін айтты. Бұл оқиға мені таңқалдырған еді.

Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан