35 жыл бойы құжатсыз жүрген алматылық әйел алғаш рет жеке куәлігін алды

Автор: Azattyq Rýhy

Айсара Рысакова бүгінде кәмелет жасқа толмаған үш бала тәрбиелеп отыр

Фото: polisia.kz

Алматы полициясы 35 жастағы Айсара Рысаковаға жеке куәлік алуға көмектеседі. Алайда, алматылық тұрғынның 30 жылдан астам уақыттан бері құжатсыз жүруіне, тіпті балаларының да жеке құжаттары рәсімделмегеніне белгілі себептер болған. Бұл туралы Наурызбай аудандық Полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов түсіндірді.  

«Айсара осыдан бірнеше ай бұрын бізден көмек сұрады. Ол бала күнінде жетім қалған. Туу туралы куәлігі жоғалған. Арада жылдар өткенде ол құжаттарды уақытында толтыра алмаған. Нәтижесінде, Айсараның балалары да құжатталмаған. Бұл оқиғаны естігеннен кейін, біз Айсараға көмектесуді мақсат еттік. Біртіндеп қажетті құжаттарды жинадық, көші-қон қызметіндегі әріптестермен бірге Айсараның жеке басын растадық. Оған заңды қолдаудан бөлек, психологиялық көмек те көрсетеміз. Бірнеше ай бойы күш салғаннан кейін, Айсара алғашқы құжатын алды. Енді ол әлеуметтік төлемдер ала алады және тұрғын үй кезегіне тұра алады», – деді Дидар Аханов.

Айсара полицияға, әсіресе Наурызбай аудандық ювеналды полицияның бастығы Назым Қанағатованың көмегі мен адамгершілігіне алғысын білдірді.

«Назым екеуміз құрбы болдық. Мен оған дұрыс бағыт беріп, құжаттарды ресімдеуге көмектескені үшін өте ризамын», – деді Айсара Рысакова.

Айсара бүгінде кәмелет жасқа толмаған үш бала тәрбиелеп отыр. Бұл туралы Наурызбай аудандық ПБ ювеналды полиция бөлімінің бастығы Назым Қанағатова айтып берді.

«Отбасы керемет. Балалардың тамағы тоқ, киімі бар, мектепке барады. Мен бос уақытым болған кезде, түскі ас кезінде отбасына барып тұрамын. Оларға көмектесе алғаныма өте қуаныштымын», – деді бөлім бастығы.