Интернеті бар оқушылардың өзі қиындыққа тап болып отыр
Санаулы күндерден кейін жаңа оқу маусымы басталады. Алайда, Global Times басылымының хабарлауынша, пандемия жағдайында мектептердің көбі жабылып, әлем бойынша оқушылардың кем дегенде, үштен бір бөлігі виртуалды білім алуға мүмкіндігі жоқ.
БҰҰ-ның зерттеу нәтижесі бойынша, жалпы алғанда 463 млн бала қажетті жабдықпен, интернетпен қамтамасыз етілмеген.
«Миллиондаған баланың бірнеше ай бойы білім алу мүмкіндігінен қағылуы –білім саласындағы жаһандық деңгейдегі төтенше жағдай. Мұның зардабы ондаған жылдар бойы қоғам мен экономикаға салқынын тигізуі мүмкін», - деп мәлімдеді БҰҰ Балалар қорының атқарушы директоры Генриетта Форе.
БҰҰ-ның бағалауы бойынша, дүниежүзінде 1,5 миллиард бала пандемияға қатысты мектептердің жабылуынан зардап шеккен. БҰҰ мәліметі бойынша, қашықтан білім алу бойынша ең көп зардап шегіп жатқан - Африка елдері мен Азияның кейбір елдеріндегі балалар.
БҰҰ әзірлеген зерттеу нәтижесі 100-ге жуық елдің интернетке, теледидар мен радиоға қолжетімділігін өлшейтін мәліметтерге негізделген. ЮНИСЕФ-тің баяндамасында кейбір балалар интернеті болған күннің өзінде қиындыққа тап болатыны айтылған. Себебі, балалардың үйде білім алуына толық жағдай жасалмаған, арнайы сабақ оқитын орын жетіспейді.
Қазақстандағы жағдайға келетін болсақ, Білім министрлігінің мәліметі бойынша жалпы оқушылардың 80%-ы (2,6 млн оқушы) қашықтан оқытылады. 15%-ы (ата-аналар өтініштері бойынша) кезекші сыныптарға барады. Бұл – 530 мың бала. Сондай-ақ балалардың 5%-ы дәстүрлі форматта оқитын болады. Шағын жинақты мектептерде оқитын балалар саны – 202 мың бала.