Дәрігер өзі арыз жазды ма, әлде оны жұмыстан қуып жіберді ме, ол жағы белгісіз
Шымкенттегі ауруханалардың бірінің алдындағы жедел жәрдем көліктері мен ішке кіре алмай жатқан науқастарды видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желіге жүктеген дәрігер қызметінен кетті. Арман Хамзиннің жұмыстан не үшін босағаны әзірге белгісіз. Ақпаратты қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі растады, деп жазады Tengrinews.kz.
Дәрігер Арман Хамзин жедел жәрдем станциясында жұмыс істеген. Оның аталған қызметінен не үшін кеткенін әкімдіктегілер айтпады. Өзі арызын жазды ма, әлде оны жұмыстан қуып жіберді ме, ол жағын анықтау керек.
Еске салайық, Арман Хамзин түсірген видео әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы бүкіл елге тарап кеткен болатын. Видеороликте жедел жәрдем көліктерінің ауруханаға науқастарды алып кіре алмай тұрғанын аңғаруға болады.
«Мен жедел жәрдем дәрігерімін, пневмонияға шалдыққан жағдайы ауыр науқасты алып келдім. Бірақ бірде-бір стационар оны қабылдамай жатыр, орын жоқ дейді. Сонда не істеуіміз керек? Кеше жедел жәрдем көлігінде екі науқас қайтыс болды. Мына бассыздыққа назар аударыңыздар. Кімге шағымдану керек екенін де білмеймін», - деді видео авторы.
Артынша қала әкімі Мұрат Әйтенов дәрігер Арман Хамзинді журналистер алдына әкеліп, брифинг өткізді. Онда медқызметкер өзінің тым эмоцияға беріліп кеткенін айтып, өзін түсінуді өтінген болатын.