Ақтөбе облысында ер адам табысын жасырып, баласына алимент төлемегені үшін сотталып кетті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол бірнеше жылдан бері табысын жасырып келген

Фото: istockphoto.com

Ақтөбе облысында 2022 жылдан бері табысын жасырып, 3,5 млн теңге алимент қарыз болған ер адам 1 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот алимент төлемеген ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі қарады.

Белгілі болғандай, сотталушы 2022 жылдан бастап қосымша жұмыс істеп, тұрақты табыс тапқанымен, 2021 жылы туған баласын асырауға арналған алиментті төлеуден әдейі жалтарған. Ол жұмыс орнын жасырған, нақты табысы туралы сот орындаушысын хабардар етпеген және түскен қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

«Сотталушы материалдық көмектен жалтарып, баласының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге тиісті қаражатты төлемей келген», – деп атап өтті сот.

Нәтижесінде оның алимент бойынша қарызы 3,5 млн теңгеге жеткен.

Сот отырысында ер адам кінәсін толық мойындап, шын ниетпен өкініш білдірді. Бұл жайт жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Үкім заңды күшіне енді.