Алматы облысында жантүршігерлік жол апаты: екі көлік соқтығысып, бірнеше адам көз жұмды (ВИДЕО)
Алматы облысында көп адам қаза тапқан ауыр жол-көлік апаты болды
Алматы облысында жан түршігерлік жол-көлік оқиғасы болып, бірнеше адам қаза болды. Қайғылы оқиға Қайназар ауылының маңында болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды. Аймақтық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік апаты Алматы – Бішкек автожолының 65-ші шақырымында болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, Audi көлігінің 23 жастағы жүргізушісі рульге ие бола алмай, салдарынан Toyota маркалы автокөлікпен соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасының салдарынан екі жүргізуші мен үш жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, медициналық мекемеде қайтыс болды. Сонымен қатар, бес жолаушы түрлі жарақаттар алды және дәрігерлердің бақылауында», — делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Полиция оқиға фактісі бойынша алдын ала тергеу басталғанын хабарлады. Қажетті сараптамалар тағайындалды, полиция трагедияның барлық жағдайын анықтап жатыр.
Алматы облысы полиция департаментінің басшылығы тергеудің барысын ерекше бақылауға алды.