Маңғыстау облысының екі тұрғынынан альфа-PVP есірткісі табылды

Автор: Асыл Арман

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 279 граммды құрады

Фото: Видеодан скрин

Маңғыстау облысында полиция қызметкерлері жергілік тұрғыннан ірі көлемде «синтетика» есірткісін тәркіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Маңғыстау облысында өткізілген жедел-профилактикалық іс-шара барысында полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес қызметі арнайы бөлімше жауынгерлерімен және қызметтік итпен бірлесіп, синтетикалық есірткі заттарын заңсыз сақтау дерегін анықтады.

Түпқараған ауданы аумағында жүргізілген жедел іс-шара кезінде есірткі заттарын заңсыз сақтады деген күдікпен екі азамат ұсталды. Оқиға орнын тексеру барысында альфа-PVP синтетикалық есірткісі салынған бірнеше орама және күдіктілер көрсеткен жасырын жерден қосымша түйіншек табылып, тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 279 граммды құрады. Бұл мөлшер заңнамаға сай аса ірі көлемге жатады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу аясында күдіктілерге қатысты процессуалдық шаралар қабылданды.

Күдіктілердің бірі ҚР ҚПК-нің 128-бабы Түпқараған ауданының УҰИ-ға қамауға алынды. Ал екінші күдіктіге келу туралы міндеттеме және елді мекеннен шықпау жөніндегі қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазіргі уақытта қажетті жедел-іздестіру және тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күресті жалғастыра отырып, азаматтарды заңсыз әрекеттер туралы ақпаратты уақтылы хабарлауға шақырады.