Форумның алғашқы бөлімінде Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік алаңына экскурсия жасалды
Шымкенттік жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттыру, олардың кәсіби дағдыларын жетілдіру және еңбек нарығында сұранысқа ие болуларына ықпал ету тақырыбы бүгін тәжірибелі мамандар мен жұмысшы азаматтар арасында қозғалды. Бұл маңызды шара «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық «Жастар Рухы» филиалы және «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС Шымкент мұнай өңдеу зауытының қолдауымен өтті. Форум жастарды жұмысшы мамандықтарына тарту және олардың кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ұсыну үшін ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Форумның алғашқы бөлімінде Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік алаңына экскурсия жасалды. Экскурсия барысында жастар Шымкент мұнай өңдеу зауытының жұмыс процесімен танысып, өндірістің барлық кезеңін көзбен көріп, сезіне алды. Экскурсиядан кейін форум пленарлық бөлімге ұласты. Онда еліміздің жетекші компаниялары мен мекемелерінің мамандары сөз сөйлейді. Олар өз ұйымдарында жастарға ұсынылатын жұмыс орындары мен даму мүмкіндіктері туралы айтты.
Спикерлер қатарында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС президенті Цзян Жиюань және бірінші вице-президенті Бақыт Ерегенов, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, кәсіпорынның Цех басшысы Болат Қалдыкозов және жас маман Өркен Бәйденов болды. Олар жастарды жұмысшы мамандықтарына қатысты маңызды ақпаратпен таныстырып, осы бағытта жасалған жұмыстармен бөлісіп, идеяларды дамытуға үн қатты.
«Жастар Рухы» төрағасы Ақерке Искандерова мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өңірлерде осындай ауқымды жұмысшы жастар форумдары өтіп, еңбек нарығындағы өткір мәселелер ашық талқылануда дейді.
«Жастар қанаты жыл бойына атқарып келе жатқан осы шаралардың нәтижесінде жастар мен мектеп оқушыларының техникалық және жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылығы артып, жас буын мен өндіріс арасында тікелей байланыс қалыптасты. «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жанынан Жастар кеңесі де жұмысын бастады. Бұл кеңес – өндіріс орындарындағы жас мамандармен байланыс орнатып, олардың ұсыныстарын тыңдап, қоғамдық өмірге араласу ортасына айналуда», – деді ол.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, Қазақстанда жұмысшы мамандықтары бүгінде үлкен сұранысқа ие болып отыр, алайда осы салада еңбек ететін мамандардың тапшылығы байқалуда. Сондықтан осы форум арқылы жастарды техникалық және өндірістік салаларға бағыттау, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын түсіндіру, сол арқылы еңбек нарығына қажетті кадрларды даярлау маңызды.
Атаулы өндіріс орнында 40 жылдан астам еңбек етіп, жақында зейнетке шыққалы жатырған ардагер, цех басшысы Болат Қалдыкозов форум қатысушыларына еңбек жолында негіз болатын өмірлік принциптерімен бөлісті.
«Қазір біз тұрған зауытта көптеген ірі маңызды жобалар іске асырылды. Бұл жерге мен жас маман болып келіп, ардагер қызметкер ретінде шығудамын. Еңбек жолыма үлкен септігін тигізген келесі қағадаттармен жастармен бөліскім келеді. Біріншіден, істеген істеріңізді сүйіңіздер, екіншіден, қателіктен қорықпаңыздар, үшіншіден, өзгенің еңбегін құрметтеңіздер. Төртіншіден, үйренуден жалықпаңыздар, жаңа дүниені меңгеру жас таңдамайды және ең маңыздысы өздеріңізге сеніңіздер», - деп қатысушыларға ойын жеткізді.
Сонымен қатар, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС президенті Цзян Жиюань және бірінші вице-президенті Бақыт Ерегенов өз сөздерінде зауытқа жас мамандар мен жұмысқа ынтасы бар азаматтарды қабылдауға ашық екендіктерін айтып, әрбір жастың өз саласында жетістікке жетуі үшін қажетті ресурстар мен мүмкіндіктерді құру бұл іс-шараның басты мақсаттарының бірі болып табылатындығын жеткізді. Ал, шара соңында қызметте белсенділік танытып, еңбек сіңірген азаматтарға 40 жылдық мерейтой медальдары табыс етілді.
Осылайша, бүгінгі форум – еліміздегі жастардың кәсіби дамуына, еңбек нарығына дайындықтарына және жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған маңызды шараға айналды.
Айта кетеміз, осы жылдың шілде айында ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен өткен «Жастар Рухы» республикалық жастар саяси лагері алаңында «Жұмысшы жастар аманаты» атты жоба іске қосылған болатын. Қазір жоба аясында аймақтарда бірнеше шаралар мен форумдар өтті. Атап айтқанда, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Астана, Шымкент қалаларында.
Қазақстанның өндірістік әлеуетін нығайту, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру және жастарды еңбек нарығына интеграциялау бір реттік шараға айналмай, келесі жылы да кешенді түрде жалғасын табатын болады.