Тоқаев Silk Way Star халықаралық жобасының қатысушыларын құттықтады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Президент жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан China Media Group медиакорпорациясына алғыс білдірді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Silk Way Star халықаралық жобасының қатысушыларын құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құрметті Silk Way Star қатысушылары! Бүгін беделді халықаралық өнер додасы өз мәресіне жетеді. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!  Бұл – Азия елдерінің рухани ықпалдастығын нығайтып, халықтарымыздың достығын бекемдей түсетін бірегей бастама.

Silk Way Star – мәдени дипломатияның айқын көрінісі, ұлттарымыздың салт-дәстүрі мен шығармашылығын паш ететін тамаша жоба. Осындай ауқымды іс-шаралар ынтымағымызды күшейтеді, ортақ құндылықтарымызды жан-жақты дәріптейді.

Теңдессіз жобаны табысты жүзеге асыруға мол үлес қосқан China Media Group медиакорпорациясына шынайы ризашылығымды білдіремін», - дейді президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Әзербайжан, Армения, Грузия, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Малайзия, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Оңтүстік Корея елдерінен келген дарын иелері өте жоғары деңгейде өнер көрсетіп, миллиондаған көрерменнің ыстық ықыласына бөленгенін айрықша атап өтті.

«Баршаңызға алғыс айтамын. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра бересіздер деп сенемін! Сіздерге амандық және сәттілік тілеймін!» - деді Қазақстан президенті.