OMIR стандарты өңірлік эталонға айналды: Әзербайжан Қазақстанмен жаңа жобаларды бастайды

Автор: Аягөз Құрмаш

Жоба өңірде тұрақты құрылыс қағидаларын енгізуге үлгі болды

Фото: gov.kz

Астанада Қазақстанның жасыл құрылыс кеңесі (KazGBC) құрылғанына 10 жыл толуына орай Орталық Азиядағы ең ірі «Green Build Central Asia» форумы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс-шара жасыл құрылыс пен тұрақты даму саласындағы жылдың басты оқиғасы ретінде құрылыс индустриясы, қаржы ұйымдары, мемлекеттік құрылымдар, жоғары оқу орындары және халықаралық сарапшылар басын біріктірді.

KazGBC он жыл ішінде Қазақстан мен өңірде тұрақты құрылыс қағидаларын енгізудің жетекші орталығына айналды. Ұйым әзірлеген OMIR ұлттық әдістемесі негізінде жалпы ауданы шамамен 5 млн шаршы метрді құрайтын 150-ден астам нысан сертификатталды. Сертификатталған ғимараттардың қатарында Әзірбайжанның Баку қаласындағы алғашқы халықаралық жоба да бар.

Сонымен қатар KazGBC «Отбасы банк» АҚ және Азия Даму банкімен бірлесіп жасыл қаржыландыру тетіктерін дамытып келеді. Нәтижесінде, «Жасыл ипотека» бағдарламасы арқылы 1500-ден астам отбасы экологиялық стандарттарға сай тұрғын үйге қол жеткізді.

Форум барысында саланың жаңа технологиялары, трендтері, жасыл құрылысқа қатысты сын-қатерлер, мамандар даярлау жүйесі және нысандарды сертификаттаудың жаңартылған тәсілдері талқыланады. OMIR әдістемесі бойынша сертификатталған ғимараттар энергияны аз тұтынып, ресурстарды тиімді пайдаланады, қоршаған ортаға әсерді төмендетеді және адамдар үшін жайлы орта қалыптастырады.

Өңірлік ынтымақтастық жөніндегі Әзербайжан кеңесінің директоры Фуад Бағиров

«Баршаңызды осы маңызды шараның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Сонымен қатар бүгін марапатталатын барлық мамандар мен компанияларға сәттілік тілеймін. Форумға қатысушыларға жаңа байланыстар, табысты келісімдер мен жемісті ынтымақтастықтар тілеймін. Бұл – біздің өңір үшін ерекше маңызды оқиға. Менің атым – Фуат Бағиров, Әзербайжанның Жасыл Құрылыс Кеңесінің төрағасымын. Біздің ұйым көп жылдан бері жұмыс істеп келеді, алайда Әзербайжандағы сыртқы жағдайлар Қазақстандағыдай қолайлы емес. Сондықтан біз KazGBC-дің жетістіктерін үлкен қызығушылықпен әрі мақтанышпен бақылап келеміз», - деді Бағиров.

Сарапшының айтуынша, ресейлік және халықаралық бірнеше стандартты сараптай отырып, OMIR стандартының өңір үшін ең тиімді әрі оңтайлы нұсқа екеніне көз жеткізілді.

«Бұл әдістеме американдық LEED стандартының озық технологияларын посткеңестік кеңістіктің ерекшеліктерімен үйлестіре отырып жасалған. Осыған байланысты біз OMIR стандарты негізінде Әзербайжанның ұлттық «BEST» стандартын әзірлеу бастамасын көтердік. Бұл іске KazGBC негізін қалаушы Данияр Азимханов үлкен қолдау көрсетті. Оның халықаралық ынтымақтастыққа ашық көзқарасы бізге өз стандартты жасауға мүмкіндік берді. Стандартты әзірлеу аясында Қазақстаннан арнайы мамандар — Александр Белый және Айман Шуматов Баку қаласына келіп, кәсіби қолдау көрсетті. Олардың қатысуымен біздің алғашқы жасыл ғимарат Renaissance Palace тұрғын үй кешені сертификатталды. Бұл – біздің елдегі жасыл құрылыс дәуірінің бастамасы деп сенемін», - деді ол.

Фуад Бағиров атағандай, алдағы уақытта ынтымақтастығымыз одан әрі тереңдей түсетініне күмән жоқ.

«Қазақстанда OMIR бойынша білікті сарапшылардың үлкен әлеуеті бар, сондықтан алғашқы кезеңде біз BEST стандарты бойынша сараптаманы да KazGBC мамандарымен бірлесе жүргіземіз деп жоспарлап отырмыз. Себебі бұл екі стандарт бір-біріне жақын және әр елдің өзіндік ерекшелігіне қарай бейімделген.Біз болашақтың ұлттық стандарттарға тиесілі екеніне сенімдіміз. Әр елдің энергия, су ресурстары, құрылыс материалдары және климат ерекшеліктері әртүрлі. Осындай жағдайларды ескеретін отандық стандарттар – ең дұрыс шешім деп есептейміз. Әрине, LEED, BREEAM, EDGE сияқты халықаралық стандарттарды да қолдаймыз, бірақ өңірге бейімделген модельдер анағұрлым тиімді», - деді ол.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай нысандар елдің болашағына арналған ұзақ мерзімді инвестиция.