Тұрмысқа шыққанына бір айдан енді асқан: Астана жұрты марқұм фельдшерді жер қойнына тапсырды

Автор: Асыл Арман

Ол қызмет барысында көз жұмды

Фото: Instagram/rustemova_aliya

Астанада қызмет барысында көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуанның жаназасы оқылып, жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қоштасу іс-шарасы Астананың іргесіндегі Қосшы қаласында, марқұмның үйінің алдында өтті. Оған марқұмның жақындары, әріптестері, көрші-көлеңі қатысты.

Ұлдана Мырзуан 2002 жылғы 31 қаңтарда Қазақстанның оңтүстігінде дүниеге келген. 2021 жылы астаналық «Даналық» колледжін «Емдеу ісі» мамандығы бойынша үздік бітірді.

2023 жылы Ұлдана балалар ауруханасының қабылдау-диагностикалық бөлімінде қысқа уақыт жұмыс істеді, ал 2024 жылғы қаңтарда жедел жәрдем қызметіне орналасып, «Байқоныр» филиалында фельдшер болып қызмет атқарды. Сол жерде өмірінің соңына дейін жұмыс істеді.

Отбасылық өмірі де енді басталған еді: 2025 жылғы 30 қыркүйекте Ұлдана реабилитолог дәрігер Әділет Зейнелге тұрмысқа шыққан.

Айта кетейік, 8 қарашада Астанада тұрғын үй кешенінің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, үйінді аастында қалған адамдарды құтқару кезінде қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы фельдшерінің басына кондиционер қондырғысы құлады. Ол ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген. 18 қарашада 23 жастағы жас келіншектің қайтыс болды. Президент жарлығымен Ұлдана Мырзуаға «Ерлігі үшін» атағы берілді.