Ақтөбе облысында 2025 жылы 28 ауыл газбен қамтылады

Автор: Аягөз Құрмаш

Онда 12,3 мың адам тұрады

Фото: gov.kz

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ауыз су, газдандыру және тұрғын үй құрылысы бағыттарын қамтитын негізгі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңірдің ауылдық елді мекендерін газдандыру қарқыны 2025 жылы рекордтық деңгейге жетті. Табиғи газ 9 мыңға жуық тұрғыны бар 22 ауылға жеткізілді, ал жыл соңына дейін тағы 3,5 мыңға жуық халқы бар 6 ауыл табиғи газға қосылады.

Осылайша, бір жылдың ішінде жалпы саны 12,3 мың адам тұратын 28 ауыл газдандырылады. Жыл қорытындысы бойынша өңір халқының табиғи газбен қамтылу деңгейі 97%-ға жетеді.

Аймақ басшысының айтуынша, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де облыс дамуының басым бағыттарының бірі. Биыл 1,3 мыңнан астам тұрғыны бар төрт ауылға ауыз су жеткізілді. Жыл соңына дейін тағы шамамен 2 мың адамы бар 6 ауылды орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу жоспарланып отыр.

Тағы бір маңызды міндет - халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Жыл соңына дейін Үкіметпен бекітілген 1 млн. шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарын толықтай орындаймыз. 10 айдың өзінде 745 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды.

Бұдан бөлек, кезекте тұрған 419 отбасыны биыл тұрғын үймен қамтамасыз еттік, жыл соңына дейін тағы 1063 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспарда.