Жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр
Ақтөбеде сабаққа бармау үшін сылтау іздеп, жалған хабарлама жасаған оқушы тәртіп сақшыларын әбігерге салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК-ға сілтеме жасап.
Осыдан бір ай бұрын қаланың қақ ортасындағы үйдің тұрғындары кешқұрым абыр-сабыр болды. Баспаналарынан бәрін сыртқа шығарып, иісшіл иттерін ерткен құтқарушылар қаптады. Өрт сөндіретін көлік келгенде, тұрғындар тілсіз жау қайдан тұтанды деп түсінбей қалған. Ал ертесіне сол үйдің жанындағы мектепте осы жағдай қайталанды. Сөйтсе, сегізінші сыныпта оқитын оқушы 1414 біріңғай байланыс орталығына хабарласып, мектеп пен үйге жарылғыш зат қойылды деп хабарлаған.
Енді құтқарушыларды бостан-бос әуреге салғаны үшін ата-анасы миллиондаған айыппұл төлейді. Сондай-ақ жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
«Жедел іздестіру нәтижесінде полицейлер күдікті 8-сынып оқушысын ұстады. Аталған екі факті бойынша қылмыстық іс қозғалды» Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Полиция департаменті мұндай «әзілдердің» ауыр салдары бар екенін ескертіп, олардың ҚР ҚК 273-бабы — «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін еске салды.