Семейде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында экологиялық дәріс өтті

Автор: Алмас Ерсін

Дәріске 150-ден астам студент қатысты

Фото: Абай облысының әкімдігі

Семей қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде экологиялық бағыттағы мазмұнды дәріс өтіп, студенттерге табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыруға арналған кең көлемді ақпарат ұсынылды. Шараға «Семей орманы» табиғи резерватінің мамандары қатысып, орман алқаптарын сақтау, табиғатты қалпына келтіру және экологиялық қауіптердің алдын алу жөнінде жан-жақты түсіндірме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Абай облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Дәріске 150-ден астам студент қатысып, табиғатты қорғау саласының мамандарымен еркін форматта пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Дәріс барысында қоршаған ортаны қорғаудың заманауи тәсілдері, орман экожүйесін қалпына келтірудің ерекшеліктері, сондай-ақ табиғатқа жауапкершілікпен қараудың маңызы талқыланды. Мамандар студенттердің сұрақтарына жауап беріп, орман шаруашылығындағы кәсіби қызметтің қыр-сырын ашып көрсетті.

«Семей орманы» табиғи резерватінің орман өсіру инженері Айдана Сабыржан өңірдегі экологиялық бастамалар туралы өз пікірін білдіріп, жастардың экологиялық мәдениетін нығайту «Таза Қазақстан» бағдарламасының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Семей орманы» резерватында «Таза Қазақстан» акциясы өте үлкен аумақта және кешенді түрде жүргізіледі. Бүгін атап өтілгендей, біз тиісті мекемелермен бірлесе отырып, ағаш отырғызу, құстарға ұялар жасау, аумақтарды қоқыстан тазарту сияқты ауқымды экологиялық жұмыстарды бірге атқарып келеміз. 2025 жылы «Семей орманы» аумағында ағаш отырғызу жұмыстары ауқымды көлемде жүргізілді», - деп жазылған хабарламада.

Көктем мезгілінде ашық тамырлы қарағай көшеттері отырғызылып, жалпы 4810 гектар алқап қамтылды. Күзгі маусымда 475 гектар аумаққа жабық тамырлы көшеттер отырғызылды. Жалпы есеппен алғанда, бір жыл ішінде 2 миллионнан астам ағаш отырғызылды.

«Семей орманы» резерватының басты міндеттерінің бірі – Мемлекет басшысының Абай облысында 2021–2027 жылдар аралығында 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын жүйелі түрде орындау. Осы бағытта үздіксіз жұмыс атқарылып келеді. Қазіргі уақытта резерват аумағында 21 мың гектардан астам жерге 100 миллионнан артық ағаш отырғызылды. Сондықтан «Таза Қазақстан» тек бір реттік акция емес, бұл – әр азаматтың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған ұзақ мерзімді мәдени қалып. Орман – біздің ортақ байлығымыз, сондықтан оны қорғау әр буынның міндеті», – деді ол.

«Студенттер үшін мамандардан тікелей ақпарат алу үлкен тәжірибе болды. Олар орман шаруашылығында қызмет етудің ерекшеліктері, экологиялық қауіптердің алдын алу шаралары және табиғатты қалпына келтіру жұмыстары жайлы сұрақтар қойып, нақты жауап алды. «Орман шебері» мамандығында білім алып жатқан студент Ақерке Талғат дәрістің студенттер үшін аса маңызды болғанын айтты», - дейді әкімдік қызметкерлері.

«Экологияны тек кітаптан оқу басқа, ал оны күнделікті қорғап жүрген мамандардан тыңдау мүлдем бөлек деңгей. Осындай іс-шараларды жиі өткізіп тұрған жөн, себебі бұл орманның денсаулығы мен санитарлық жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Бүгін орман отырғызу көрсеткіштерінің өсіп жатқанын білдім. Болашақта осы салада өзімді сынап көргім келеді. Экологияға өз үлесімді қоса аламын деп сенемін, – деді Ақерке Талғат.

Колледж бен «Семей орманы» резерваті арасындағы серіктестік аясында алдағы уақытта да экологиялық бағыттағы лекциялар, практикалық кездесулер және студенттердің табиғат қорғау іс-шараларына қатысу мүмкіндіктері қарастырылмақ.

Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай кездесулер жастардың табиғатқа деген саналы көзқарасын қалыптастыруға және «Таза Қазақстан» бағдарламасының өңірде тиімді жүзеге асуына өз үлесін қосады.