Маңғыстау облысында 300 килоға жуық бекіре балығын аулаған ер адам ұсталды

Автор: Асыл Арман

Ер адам Ақтау қаласының 12-ші шағын ауданында ұсталды

Фото: Lada.kz

Ақтау қаласының 12-ші шағын ауданында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында полиция ер адамды ұстады. Одан заңсыз жолмен алынған болуы мүмкін бекіре балығы табылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Маңғыстау облыстық табиғатты қорғау прокуратурасының үйлестіруімен полиция қызметкерлері табиғатты қорғау инспекторларымен бірге Mitsubishi маркалы көлікті тексерді. Көліктен жалпы салмағы 287,7 келі балық табылды. Барлық балық тәркіленіп, арнайы контейнерге орналастырылды, тиісті хаттамалар жасалып, балық шаруашылығының мамандандырылған ұйымына тапсырылды.

Осы факті бойынша ҚР ҚК 339-бабының 1-бөлігі («Сирек кездесетін, жойылу қаупі бар, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдік немесе жануар түрлерімен заңсыз айналысу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.