Астана зейнеткерлері пилатеске ден қойды

Автор: Аягөз Құрмаш

30 қарт спортпен айналысуға ден қойған

Фото: gov.kz

Қарттық – өмірдің алтын кезеңі. Бұл шақта денсаулықты сақтап, сергек болу үшін қозғалыс пен дене белсенділігі аса маңызды. Пилатес – егде жастағы адамдар үшін таптырмас таңдау. Бұл жаттығу жүйесі бұлшықетті нығайтып, буындардың қозғалысын жеңілдетіп, дененің икемділігін арттырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Осы ретте белсенді ұзақ өмір сүру орталығы сауықтыру бағытындағы жаңа қызмет түрін қосып, пилатес үйірмесін ұйымдастыруды қолға алды.

Атап айтқанда, пилатес үйірмесі Астана қаласы Алматы ауданында қыркүйек айынан бастап, ал Сарайшық ауданында қараша айынан бастап жүргізіле бастады. Үйірмені жүргізу үшін орталықтың 3 спорттық нұсқаушысы арнайы дайындықтан өтті.

Қазіргі уақытта белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 30-ға жуық зейнеткері пилатес сабағына тұрақты қатысып, өз денсаулықтарын жақсартып жатыр.

«Бұл ең алдымен, зейнеткерлердің денсаулығы үшін маңызды. Егде жастағы адамдар үшін ең үлкен қауіптердің бірі тепе-теңдікті жоғалтып, құлап қалу.  Жаттығулар дұрыс тыныс алуға, тепе-теңдікті сақтауға, ең бастысы денеге ғана емес, көңіл-күйге де оң әсер етеді. Сол себепті бұл әлеуметтік жобаны қолға алып отырмыз, алдағы жылы тағы да екі ауданда пилатес үйірмесін ашу жоспарда бар» - дейді перспективті даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің маманы Айнаш Уәлиева.