Сот анасына 2 млн теңге өтемақы төлеуді міндеттеді
Астана әуежайында инспектордың салғырттығынан екі жасар бүлдіршін жарақат алды. Бүлдіршіннің анасы әуежайды сотқа беріп, өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2024 жылдың жазында елордалық әйел екі кәмелетке толмаған баласымен Астанадан Ақтауға ұшқан. Әуежайдан шығып кеткеннен кейін оның екі жасар қызы терминал ғимаратына жалғыз өзі қайта кіріп кеткен.
Әуежай ішінде қозғалатын эскалаторға қолын қойып қалған бүлдіршін саусағынан жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, қызға 10 жасқа толғанда ота жасау қажет болады.
Баланың анасы моральдық шығынды өтеуді талап етіп, әуежайға қарсы сотқа жүгінген. Әуежай өкілі бұл оқиғаны қызметкерлердің кінәсінен емес, баланың өзі эскалаторға жақындағанынан болғанын алға тартқан.
Алайда сотта қаралған бейнежазбаларда әуежай инспекторының баланың қолын ұстап тұрғаны, бірақ баланың анасын кіргізбей, оны қараусыз қалдырғаны анықталды. Инспектор бұл әрекетімен кішкентай баланың қараусыз терминалға кіруіне жол берген.
«Сот инспектордың кінәсін оның еңбек шарттары мен лауазымдық міндеттемелеріне сүйене отырып дәлелдеді. Әуежай тарапынан кінәні жоққа шығаратын дәлелдер ұсынылмаған.
Сот әуежайды моральдық шығын ретінде жәбірленушінің анасына 2 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттеді. Шешім заңды күшіне енді», – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.