Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы серіктестік сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерілді – сарапшы

Автор: Дәулет Ботагөз

ҚСЗИ сарапшысы Тоқаевтың Өзбекстанға сапары туралы пікір білдірді

Фото: gov.kz

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Баувржан Әукен президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға сапары туралы пікір білдіріп, екі елдің қарым-қатынасына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан мен Өзбекстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап Орталық Азиядағы өңірлік серіктестік мен өзара сенімнің негізін қалаған мемлекеттер болып табылады. Екі елдің бастамалары мен саяси ерік-жігері арқасында аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі архитектурасы қалыптасты. Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстанның серіктестігі бүкіл өңірдің тұрақтылығы мен дамуының тірегіне айналып отыр», – деді сарапшы.

Оның сөзінше, 16 қараша күні Ташкентте өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII консультативтік кездесуі – осы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындайтын маңызды басқосу болмақ.

«Соңғы жылдары қос мемлекет арасындағы серіктестік сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерілді. 2022 жылдың желтоқсанында президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев қол қойған Одақтастық қатынастар туралы шарт екі елдің достыққа, өзара сенім мен тең серіктестікке негізделген байланыстарын одан әрі нығайтты. Бұл құжат саясаттан экономикаға, мәдениеттен экология мен инновацияға дейінгі кең ауқымды бағыттарды қамтитын ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың берік іргетасын қалады», – деді ол.

Сарапшының сөзінше, экономикалық әріптестік те айтарлықтай серпін алды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 4 миллиард АҚШ долларынан асып, 2030 жылға қарай оны 10 миллиард долларға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бірлескен өндіріс орындарын ашу, шекара маңындағы инфрақұрылымды дамыту және көлік дәліздерін тиімді пайдалану бағытындағы бірлескен бастамалар өңірлік байланыстарды күшейтіп, экономикалық өзара тәуелділікті арттыруда.

«2018 жылы Астанада өткен алғашқы консультативтік кездесуден бері аталмыш формат өңір елдерінің басын қосып, сенім мен өзара түсіністікке негізделген тұрақты диалог алаңына айналды. Осы уақытқа дейін өткен алты кездесудің әрқайсысы аймақтық үйлесімді арттырып, ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындады. 2024 жылғы Астанада қабылданған «Орталық Азия – 2040» тұжырымдамасы мен 2025–2027 жылдарға арналған «Жол картасы» аймақтың көлік, энергетика, цифрлық даму және экология салаларындағы болашақ ортақ стратегиясын бекітті», – деді ол.

Бауыржан Әукеннің сөзінше, алдағы Ташкентте өтетін басқосу осы құжаттардың жүзеге асуына серпін беріп, аймақтық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарады деп күтілуде. Қазақстан мен Өзбекстанның үйлесімді серіктестігі – Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың басты кепілі. Екі елдің ортақ мақсат жолындағы табанды қадамы өңірдің болашағын айқындайтын, өзара сенім мен берік ынтымаққа негізделген жаңа дәуірдің бастауы.