Федоров ауданында прокурорлар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғады
Қостанай облысында прокурорлар жүргізген тексеру нәтижесінде аймақтағы ет өндірушілердің проблемасы сою цехының пандемиядан кейін жұмыс істемей қалуымен байланысты екені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ветеринариялық инспекция екі кәсіпкерді ет өнімдерін рұқсат құжаттарынсыз сатты деген айыппен әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Дегенмен, қабылданған шешімнің заңдылығына күмән туғандықтан, аудан прокуратурасы сотқа жүгініп, аталған хаттамалардың күшін жойды.
Әкімшілік іс материалдарын зерделеу нәтижесінде прокурорлар құқық бұзушылықтың түпкі себебі – аймақта ет өнімдерін дайындау және өңдеу үшін қолданыстағы сою цехының болмауы екенін анықтады.
Бұл кәсіпорын 2020 жылғы пандемия кезінде қойылған шектеулерге байланысты жұмысын тоқтатып, несиелік берешектің өсуіне әкелген.
Прокуратураның араласуынан кейін сою цехы қайта іске қосылуы үшін барлық қажетті рұқсат құжаттарын алды, ветеринариялық-санитариялық қорытынды, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару шарты, ветеринариялық зертханамен келісімшарт, есептік нөмір және басқа да талаптар орындалды.
Қазіргі уақытта аудан әкімдігі кәсіпорынның толық қуатқа шығуы үшін әлеуетті өнім сатып алушыларды іздеуге жәрдемдесіп жатыр.