«Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» автожолының 28 шақырымы пайдалануға берілді

Автор: Бақыт Шынар

Сондай-ақ 35 су өткізу құбыры, 2 көпір және 2 жолөткізгіш салынды

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» автожолын қайта жаңарту жобасының бірінші кезеңі аяқталып, ұзындығы 28 шақырым болатын (791–819 км) учаскеде көлік қозғалысы ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақтөбе әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Автожолдың жалпы ұзындығы 262 шақырымды құрайды, толық жаңарту жұмыстары 2024–2028 жылдар аралығында аяқталмақ.

Қозғалыстың ашылу рәсіміне Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев және сала мамандары қатысты.

Маңызы мен тиімділігі

«Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» жолы Ресейге шығатын халықаралық дәліздің бөлігі болып табылады және еліміздің батыс пен орталық өңірлерін байланыстыруда стратегиялық рөл атқарады. Жобаның жүзеге асырылуы өңіраралық және шекара маңындағы байланыстарды нығайтып, жүк және жолаушылар тасымалының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Қайта жаңарту толық аяқталған соң жол І техникалық санатқа сай болады: төрт жолақты қозғалыс ұйымдастырылып, жол қауіпсіздігін арттыруға арналған заманауи инженерлік шешімдер енгізіледі. Бұл өз кезегінде сапар уақытын қысқартып, көлік шығындарын азайтады және қауіпсіздікті күшейтеді.

«28 шақырымдық учаскенің ашылуы – қуанышты оқиға. Бұл облыс экономикасына серпін беріп, жолаушылар мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді», – деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев.

Құрылыстың негізгі көрсеткіштері

  • 3 млн текше метрден астам жер жұмысы жүргізілді;
  • 35 су өткізу құбыры, 2 көпір және 2 жолөткізгіш салынды;
  • Геотекстиль мен геотор төселді, асфальтбетонның төменгі қабаты дайындалды;
  • 4 мал өткізгіш орнатылды, инженерлік желілер көшіріліп, қорғалды;
  • 6,2 мың текше метр темірбетон бұйымдары, 7,7 мың тонна битум және 773 мың тонна инертті материал пайдаланылды;
  • Жұмысқа 234 техника және 409 маман тартылды.

Құрылысты қамтамасыз ету үшін асфальтбетон, бетон араластыру және қиыршықтас зауыттары іске қосылды.

Сонымен қатар қолданыстағы жолда ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасуда: жалпы ауданы 19 мың шаршы метр шұңқыр қалпына келтірілді, оның 5 120 шаршы метрі биыл жөнделген. 25 520 шаршы метр тегістеу қабаты төселді.

Жобаның стратегиялық мәні

Бұл жоба Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындаудағы маңызды кезең саналады. Ол заманауи жол желісін қалыптастыруға, елдің транзиттік әлеуетін арттыруға және көрші мемлекеттермен көлік қатынасын дамытуға бағытталған.