«Мемлекет халық үніне құлақ асты»: қоғам белсендісі ЛГБТ насихатына тыйым салу жайлы айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Алматыда осы мәселе талқыланған

Фото: https://www.facebook.com/aialibagi.kopva

Қоғам белсендісі Бағила Балтабаева Алматыда ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заң талқыланғанын айтты. Ол халықтың жанайқайы үкіметке жеткенін айтты,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Сіздердің қолдауларыңызбен жеттік осы күнге. Алматы қаласында «Біз ҚР-дағы ашық және жасырын ЛГБТ насихатына қарсымыз!» петициясының авторы ретінде Мәжіліс депутаттары бастамашы болған дәстүрге жат жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым салу жөніндегі түзетулерді қолдау мақсатында баспасөз мәслихатын өткіздік. Мемлекет пен халық қалаулыларының, яғни Мәжіліс депутаттары арқылы халық сөзін еститініне көз жеткіздік», - дейді ол.

Балтабаева айтқандай, баспасөз мәслихатында белгілі құқық қорғаушылар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, Марат Тоқашбаев, «Әкелер форумы» ұйымының өкілі Серікбол Молдаш, актер Айдос Оразай және қоғам белсендісі Жібек Әменова сөз сөйледі.

«Іс-шараға қатысушылар дәстүрге жат жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым салу нормалары балалар мен жастардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын және бұл бастама Қазақстан халқының сұранысына толық сай келетінін атап өттік. 2020 жылы «Фридрих Эберт қорының» тапсырысы бойынша жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде респонденттердің 70%-ы ЛГБТ өкілдерімен көрші болғысы келмейтінін айтқан. Сонымен қатар, «Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қоры» ҚҚ жүргізген тәуелсіз зерттеу нәтижесі ЛГБТ насихаты балалардың психикасы мен дамуына кері әсер етуі мүмкін екенін растаған. Жоғарыда аталған әлеуметтік зерттеулердің нәтижесін әлеуметтік желілердегі жазбалар мен пікірлер де растап отыр. Онда «жасөспірімдер мен балаларды дәстүрге жат жыныстық қатынастарды насихаттаудан қорғау» талабын және депутаттардың шешімін қазақстандықтардың басым бөлігі қолдайтыны көрсетілген», -  дейді қоғам белсендісі.

«Өркендеуге жәрдемдесудің ұлттық қорының» дерегінше, респонденттердің көпшілігі ЛГБТ тақырыбы бойынша ақпаратты негізінен әлеуметтік желілерден (63,7%) алады, ал дәстүрлі БАҚ – теледидар, радио және баспа басылымдары екінші орында (42,6%) тұр. Зерттеу есебі уәкілетті органдар мен ҚР Парламентіне жолданған.