«Үстіңнен іс қозғалды» деп сендірді»: Бишімбаевтың анасы 1 млн долларын неліктен туысына бергенін айтты

Автор: Асыл Арман

Бишімбаевтың анасы туысының қалай сендіргенін айтты

Фото: Azattyq Rýhy

Астанадағы сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова 990 мың долларды не себепті туысына сақтауға бергенін айтып түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Альмира Нұрлыбекованың айтуынша, ол ұлы Қуандық Бишімбаевқа қатысты соттан кейін қатты үрейленіп, абыржулы күйде болған.

Ол өз атына тіркелген шоттардың бұғатталуынан қорыққанын айтты. Себебі сот кезінде марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Бишімбаевтар отбасының мүлкіне аудит жүргізу туралы петиция бастағанын жариялаған.

Осы сәттен кейін Нұрлыбекованың сөзінше, туысы Бекзат Кемелова оны «сенің үстіңнен қылмыстық іс қозғалды» деп сендірген.

«Ол маған: «Сен Альмира Нұрлыбекова Қылмыстық кодекстің 218-бабы бойынша жауапқа тартылдың. Бәрі тіркелген, сенің үстіңнен іс ашылған» деді. Айтуынша, бұл ақпаратты өзінің туысының күйеуінен естіген, ол Антикорда жұмыс істейді-міс. Мұны ешкім естімесін деп маған сыбырлап айтатын. «Оны маған өзі айтты» деп үнемі қайталайтын», – деді Нұрлыбекова.

Біршама уақыттан кейін Кемелова бұл ақпаратты «ҰҚК-да жұмыс істейтін көршісі де растағанын» айтқан.

«Ол тағы да: «Көршім де айтты, сенің үстіңнен іс қозғалған» деді. Мен, әрине, қорқып қалдым. Ол кезде бәріміз ауыр жағдайда едік, мұның рас не өтірік екенін тексеруге шамам болмады», – деп еске алды әйел.

Сотта адвокат Вранчев Бишімбаевтың анасынан Кемелова айтқан адамдардың кім екенін анықтауға тырысты ма деп сұрады.

«Мен анықтаған жоқпын. Ол «сұрақ қойма, ешкімге айтпа» деді. Мен оның айтқанына сеніп қалдым. Өзі өте сенімді сөйлейтін, бәрін нақты білетіндей әсер қалдырды», – деді Бишімбаевтың анасы.

Кейін адвокаттарға жүгінгенде, олар Нұрлыбековаға қарсы ешқандай іс қозғалған жоқ екенін айтқан.

«Мен жай ғана сұрап көрдім: мүмкін менің атымнан іс қозғалған шығар деп. Адвокаттар «жоқ, ондай ештеңе жоқ» деді. Бірақ сонда да қорқыныштан арыла алмадым, себебі ол бәрін өте сенімді түрде айтқан еді», – деп мойындады ол.