«1 млн долларды қайдан тапты?»: Бишімбаевтың анасы қаржылық табысының сырын ашты

Автор: Асыл Арман

Жәбірленуші өз кәсібін қалай құрғанын айтты

Фото: Azattyq Rýhy

Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың мәлімдемесіне қатысты іс сотта қаралып жатыр. Ол өз туысына 990 мың долларды сақтауға бергенін айтқан. Өз кезегінде прокурор бұл ақшаның қайдан алынғанын сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Альмира Нұрлыбекованың сөзінше, ол үнемі өз еңбегімен табыс табуға тырысқан. 90-жылдардағы алғашқы саудасынан бастап, уақыт өте келе білім беру және консалтингтік бағыттардағы жобаларын ашқанға дейінгі кәсіпкерлік жолын еске алды.

«Мен 1993 жылдан бері бизнес саласындамын. 2002 жылы көтерме саудамен айналыстым. Ол кезде азық-түлік табу өте қиын еді. Біз ақша жіберіп отырдық, ал Мәскеуден әріптестеріміз кәмпит, апельсин, мандарин жіберетін. Барлығы солай басталды», – деді ол.

Оның айтуынша, алғашқы тапқан капиталы өз кәсібін бастауға түрткі болған.

«Менің алғашқы капиталым шамамен 200 мың доллар болды. Кейін мектеп аштым, одан соң SPA-салон. Тараздан ғимарат сатып алып, оқу орталығын аштым, кейін тіпті университет те аштым. 2006-2007 жылдары бизнесті дамытуға шамамен бір миллион доллар салдым», – деді Нұрлыбекова.

Жәбірленуші өз сөзінде химия ғылымдарының кандидаты, доцент екенін, бірақ кәсіпкерлік қабілеті 2000-жылдардың басында оянғанын атап өтті.

«Шымкентке көшкен кезде білім беру ісімен белсенді айналыстым. Аудандардан жастар келіп, екінші мамандық алуына көмектестім. Шаштараз, компьютер мамандықтарын, бухгалтерлікті оқыттым. Сол кезде консалтингтік компания ашып, менеджмент бойынша тренингтер өткіздік, ISO стандарттары бойынша сертификаттау жүргіздік, басқару дағдыларын дамыттық», – деп еске алды ол.

Альмира Нұрлыбекованың айтуынша, бұл ақшаны ол бірнеше жыл бойы жинап, өз еңбегімен тапқан.