«Астана-Жезқазған» бағытындағы «Тальго» пойызының жолы Қызылордаға дейін ұзартылды

Автор: Асыл Арман

Жаңа бағыт 2025 жылғы 14 желтоқсаннан бастап қатынайды

Фото: ҚТЖ баспасөз қызметі

«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Астана-Жезқазған» бағытындағы №65/66 «Тальго» пойызының маршруты Қызылорда қаласына дейін ұзартылғанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy ұлттық тасымалдаушының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа бағыт 2025 жылғы 14 желтоқсаннан бастап қатынайды.

«Астана – Қызылорда» жаңа бағыты

Пойыз күнара қатынап, әр рейсте 400-ден астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді. Бағыт елдің орталық және оңтүстік өңірлерін байланыстырып, әдеттегі пойыздарға қарағанда жол уақытын 7 сағатқа қысқартады.

Жаңа бағытта жайлы «Тальго» вагондары пайдаланылады. Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы орындар қарастырылып, 50%-ға дейін жеңілдік беріледі.

Билетті қалай алуға болады

Жолаушылар жол жүру билеттерін:

  • bilet.railways.kz ресми сайтынан;
  • теміржол вокзалдарының кассаларынан сатып ала алады.

Толық ақпаратты 1433 нөмірі арқылы білуге болады.