Тоқаев Мирзиёевтің шақыруымен Ташкентке мемлекеттік сапармен барады

Автор: Асыл Арман

Ал келесі аптада Астанаға Эстонияның президенті келеді

Фото: Ақорда

Ақорда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тығыз жұмыс кестесін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше, 14 қараша күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтетін Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына қатысады.

Жиын барысында аграрлық саланы дамытудың өзекті мәселелері талқыланады.

14-15 қараша күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Ташкентке мемлекеттік сапармен барады.

Мемлекеттер басшылары тет-а-тет форматында келіссөз жүргізеді, сондай-ақ президенттердің төрағалығымен Қазақстан-Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтеді.

16 қарашада президент Ташкентте өтетін Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысады.

17-19 қараша күндері Астанаға Эстония президенті Алар Карис мемлекеттік сапармен келеді.

Ақордада мемлекеттер басшылары жоғары деңгейде келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастық перспективасын талқылайды.