Қазіргі уақытта іс Бас прокуратураның қарауында
Сенаттағы брифингте ҚР Ішкі істер министрлігінің орынбасары Санжар Әділов Германияда өлтірілген қазақстандық Айгүл Сайлыбаева ісіне қатысты тың деректерді мәлім етті. Олардың айтуынша, тергеу Бас прокуратураның құзыретінде, ал Қазақстанда «Азаптау» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Санжар Әділовтің мәліметінше, Германия аумағында қазақстандық азаматтың өлтіру фактісі бойынша іс Бас прокуратураның қарауында.
«Қазақстан азаматына қарсы Германияда жасалған аса ауыр қылмысқа қатысты мәселе Бас прокуратураның құзыретінде, себебі ол халықаралық құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттесу құзыретіне ие», – деді Әділов.
Ол атап өткендей, зардап шеккеннің туыстары Қазақстанға арызданғаннан кейін ҚР ҚК-нің 110-бабы – «Азаптау» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Әділов іс материалдарының кейбір эпизодтары Қазақстан аумағында болған оқиғаларға байланысты екенін айтып өтті.
«Бұл оқиғалар сол уақытта жұбайлардың Қазақстан аумағында – Жетісу облысында болуымен байланысты. Германияда бұл әдейі кісі өлтіру болса, бізде – дене жарақатын келтіру және азаптау болып есептеледі. Біз осы факті бойынша тергеу жүргізіп жатырмыз», – деді ол.
ІІМ өкілі сонымен қатар ведомство зардап шеккен тараппен тұрақты байланыста екенін және шетелдік құқық қорғау органдарымен өзара әрекеттестікті жалғастыратынын жеткізді.