Бейсенбі күні Қазақстанда ауа райы қандай болады

Автор: Мөлдір Қазыбай

Синоптиктер болжамы белгілі болды

Фото: freepik.com

«Қазгидромет» РМК 13 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Солтүстік және орталық өңірлерде

Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында қар жауып, кей жерде боран соғады. Кей аймақтарда тұман мен көктайғақ күтіледі. Солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді. Түнде ауа температурасы -5...-10°, күндіз 0...-5° шамасында. Астанада және Көкшетауда аздаған қар, тұман мен көктайғақ байқалады.

Орталық және шығыс өңірлерде

Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі, кей жерде боран соғып, көктайғақ байқалады. Желдің екпіні 20-25 м/с дейін жетуі мүмкін. Түнде және күндіз -2...+3°, оңтүстік аудандарда +6° дейін жылынады. Қарағанды мен Ұлытау облыстарында да аралас жауын-шашын болып, ауа райы құбылмалы болады.

Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде

Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі, таулы аймақтарда тұман мен көктайғақ болады. Алматы мен Талдықорғанда күндіз +5...+10°, түнде 0° маңында. Түркістан және Қызылорда облыстарында жауын-шашынсыз, жылы ауа райы сақталады: күндіз +16...+20°, түнде 0...+5°.

Батыс өңірлерде

Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында негізінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Түнде кей жерде тұман түсуі мүмкін. Күндізгі температура +10...+17°, түнде 0...+7° шамасында. Ақтауда және Атырауда жылы, жел жеңіл.