Тұмау өршіп тұр: Қазақстанда мектеп оқушылары онлайн форматқа ауыстырыла ма

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ел бойынша 2 794 мектепте тұмау мен ЖРВИ-дің таралуына тұрақты мониторинг жүргізіп отыр

Фото: istockphoto.com

Бас мемлекеттік санитар дәрігер Сархат Бейсенова мектептерде тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) таралу деңгейі туралы және қандай жағдайда оқу орындары онлайн форматқа көшірілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сархат Бейсенова Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ел бойынша 2 794 мектепте тұмау мен ЖРВИ-дің таралуына тұрақты мониторинг жүргізіп отырғанын атап өтті.

«Республикада бірде-бір мектепте сыныптардағы ауру жұқтыру деңгейі 30 пайыздан асқан жоқ. Кей сыныптарда ауру жұқтыру көрсеткіші 10 пайызға дейін тіркелген», – деді ол.

Оның айтуынша, егер қандай да бір сыныпта оқушылардың 30 пайыздан астамы ауырып қалса, онда сабақты онлайн форматқа көшіру туралы шешім қабылданады.

Сархат Бейсенова елде жаппай сырқаттанудың салдарынан кейбір сыныптарда небәрі 5-6 оқушы ғана қалғаны туралы ақпаратты теріске шығарды.

«Егер сіздерде мұндай жағдай тіркелген мектеп немесе өңір туралы нақты мәлімет болса, бізге хабарласыңыздар. Бұл мәселе қаралады. Қазірге дейінгі мониторинг нәтижесінде ауру жұқтыру деңгейі 30 пайыздан асқан сынып анықталған жоқ», – деді ол.

Журналистер балаларды мұрын бітеліп, жөтелі болса да (бірақ дене қызуы болмаса) сабаққа кіргізбеу туралы шаралар енгізіле ме деп сұрады.

«Эпидемиялық маусым кезінде, әрине, балабақшалар мен мектептерде мұндай санитариялық шаралар жүргізілуі тиіс. Дошкольдық ұйымдарда ауру белгілері бар балаларды кіргізбеу қажет. Сол сияқты жұмыс мектептерде де жүргізілуі керек», – деп түйіндеді Сархат Бейсенова.