Қытай, Моңғолия, Түркия: Қазақстанға қай елдердің азаматтары жиі көшіп келетіні анықталды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қаңтар-қыркүйек аралығында елден 5,9 мың адам көшіп кеткен

Фото: istockphoto.com

Қазақстанға 9 айдың қорытындысы бойынша тұрақты тұру үшін 16,1 мың адам қоныс аударды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ведомствоның мәліметінше, елге келгендердің саны әлі де кеткендер санынан басым болып отыр. Қаңтар-қыркүйек аралығында елден 5,9 мың адам көшіп кеткен, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 41,4% аз. Көші-қон сальдосы оң мәнде қалып отыр – 10,2 мың адам.

«Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүзеге асырылады. Достастық елдерінен келгендердің үлесі – 82,7%, ал осы елдерге кеткендердің үлесі – 73,2%. Басқа мемлекеттерден келгендердің ішінде Қытай, Моңғолия және Түркия азаматтары басым.

Қазақстанға қоныс аударғандардың көпшілігі мына өңірлерге тұрақтаған: Алматы облысына – 4,4 мың адам, Алматы қаласына – 2,6 мың адам, Маңғыстау облысына – 2,3 мың адам және Астана қаласына – 1 мың адам», – делінген хабарламада.

Бюро дерегінше, ел ішіндегі көшіп-қонушылар саны 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,8% артты. Өңіраралық көші-қон бойынша оң сальдо төрт өңірде қалыптасты: Астана – 67,2 мың адам, Алматы – 27,8 мың адам, Шымкент қалаларында – 13 мың адам және Алматы облысында – 8 мың адам.