Астанада тұрақты тіркеуге тұру үшін үй иесімен туыстық байланысы дәлелденуі керек

Автор: Мөлдір Қазыбай

Қазақстанда тұрғылықты жер бойынша тіркеудің электрондық форматы енгізілді

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда тұрғылықты жері бойынша тіркеуді тек электронды форматта жүргізуді көздейтін пилоттық жоба іске қосылды. 2025 жылғы 11 қарашадан бастап тұрақты немесе уақытша тіркеуді тек eGov порталы немесе EgovMobile мобильді қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Uchet.kz сайтына сілтеме жасап.

Жоба Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі мен Ішкі істер министрінің бірлескен бұйрығымен жүзеге асырылуда. Ол «Тұрғылықты жері бойынша тіркеу» және «Уақытша тұратын жері бойынша тіркеу» мемлекеттік қызметтерін толық цифрландыруды қамтиды.

Астана қаласы үшін ерекше тәртіп белгіленген: мұнда азаматтарды тұрақты немесе уақытша тіркеу тек электрондық форматта жүргізіледі. Жүйе өтінішті өңдеу кезінде деректерді автоматты түрде мемлекеттік ақпараттық базалардан тексереді – «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қоры, АХАТ ақпараттық жүйесі, Бірыңғай жылжымайтын мүлік кадастры, Негізгі объектілердің деректер базасы және еңбек пен әлеуметтік қорғау саласының бірыңғай платформасы.

Жүйе сонымен қатар тұрғын үйдің нормаланған ауданы, үй иесімен туыстық байланыс және күндізгі бөлім студенті мәртебесін ескереді. Егер туыстық не оқу фактісі расталмаса, тіркеуге арналған өтініш автоматты түрде қабылданбайды.

«Пилоттық жобаның мақсаты – азаматтарды тіркеу процесін толық цифрландыру, қағаз құжат айналымын азайту және мемлекеттік деректер базаларындағы ақпараттың дәлдігін арттыру», – делінген хабарламада.

Пилоттық жоба 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады.

Ал елдің басқа өңірлерінде әзірге тұрғылықты жер бойынша тіркеу ХҚО арқылы жүзеге асырыла береді. Егер тұрғын үйдің иесі кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз болса, тіркеу рәсімін де Халыққа қызмет көрсету орталығының операторы жүргізеді.