Kolesa.kz арқылы жалған хабарландырулар орналастырған алаяқ ұсталды
Ақмола облысының полицейлері жалған автокөлік бөлшектерін сату арқылы интернет-алаяқтық жасады деген күдікке ілінген ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Киберполиция басқармасының мәліметінше, Алматының 26 жастағы тұрғыны 2024 жылы Kolesa.kz қосымшасында Kia және Hyundai маркалы көліктерге арналған қосалқы бөлшектерді сату жөнінде жалған хабарландырулар жариялаған.
Күдікті шамадан тыс арзан бағамен «оригинал» бөлшектерді – фара, бампер және өзге де жинақтарды ұсынып, жылдам жеткізіп беремін деп уәде еткен.
Қазақстанның әр өңірінен сенгіш азаматтар тауарға тапсырыс беріп, ақшаны алдын ала аударған, алайда төлем түскеннен кейін ер адам байланысқа шықпай қойған.
Қазіргі таңда кемінде 10 адам күдіктінің алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккені белгілі болды.
Барлық эпизод бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Ақмола облыстық полициясы.
Құқық қорғау органдары азаматтарды онлайн-сатып алу кезінде сақ болуға және күмәнді хабарландыруларға сенбеуге шақырады.