Нәрестелердің дүниеге келгендегі салмағы – 1600, 1670, 1490 грамм
Ақтөбе облысының Шалқар қаласында үшем дүниеге келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, сәбилерге Әдемі, Сұлу және Әміре есімі берілді. Лайықовтардың қуанышына Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов ортақтасты.
Шалқар қаласының тұрғындары 27 жастағы Аслан Лайықов пен Ләззат Жоламанованың отбасында үшем дүниеге келді.
Нәрестерлер анасының жүктілігінің 31-ші аптасында өмір есігін ашты. Жас отбасының бұдан бөлек 5 жасар ұлы, 3 жасар қызы бар.
«Нәрестелердің дүниеге келгендегі салмағы – 1600, 1670, 1490 грамм болса, бойлары бірдей, 35 см. Нәрестелер бірнеше минут айырмашылықпен дүниеге келген.
Шақалақтар 1 айдан аса облыстық перинаталдық орталығы дәрігерлердің жіті бақылауында болып, тұрақты ем қабылдаған. Қазіргі таңда сәбилердің және анасының жағдайы жақсы», – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.