Қызылорда облысында арақ-шарап ішілмейтін ауылдардың саны көбейіп келеді

Автор: Асыл Арман

Соңғы 3 жылда 35 елді мекенде бірде-бір қылмыс болған жоқ

Фото: istockphoto.com

Қызылорда облысында арақ-шараптан бас тартқан ауылдардың саны көбейіп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аймақта «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – елді мекендердегі қылмыс деңгейін төмендету және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау.

Аталған жоба аясында өңірдің 18 ауылы алкоголь өнімдерін сатудан бас тартты.

Бұдан бөлек, 107 кәсіпкермен меморандумға қол қойылды (мейрамханалар мен дүкендерде алкоголь сату уақыты шектелді), нәтижесімен соңғы 3 жылда 35 елді мекенде бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

«Қоғамда «Заң мен Тәртіп»идеологиясын ілгерілету мақсатында 7 қарашада облыс прокуроры Ризабек Ожаров алкогольден ерікті түрде бас тартқан Жаңақорған ауданының Өзгентауылының тұрғындарымен кездесіп, ауыл әкімдері мен учаскелік полиция инспекторларын марапаттады.

Облыс прокуроры ауыл тұрғындарының, оның ішінде ақсақалдардың бұл бастаманы жүзеге асырудағы зор үлесін атап өтті.

Жоба өз жалғасын табуда, мүлдем төзбеушілік қағидаттарын нығайту, сондай-ақ заң мен тәртіптің сақталуы ерекше бақылауда», – делінген прокуратура хабарламасында.