Каспий жағалауында енді құстар қырылып қалды

Автор: Асыл Арман

Осыған дейін итбалықтардың өлексесі табылған

Фото: Lada.kz

Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласы мен Қызылөзен, Аташ, Баутин ауылдарының жағалау аймақтарында мониторинг жүргізу кезінде құстардың өлексесі табылды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Lada.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Тексеру жұмысын аумақтық инспекция, балық инспекциясы және экологиялық полиция қызметкерлері жүргізген.

Зерттеу барысында жағалаудың әртүрлі бөліктерінен үйрек, суқұзғын және шағала секілді 13 құстың өлексесі табылған. Алайда олардан сынама алу мүмкін болмаған.

Аумақтық инспекция аудан әкімдігіне өлекселерді жою және көму жұмысын тиісті қызметтер арқылы ұйымдастыру қажеттігі туралы хат жолдаған.

Ведомствоның мәліметінше, алдағы уақытта жарамды үлгілер алынған жағдайда ветеринарлық қызмет мамандары зертханалық талдау жүргізу үшін тартылады.

Жағалау аймағын бақылау жұмысы жалғасады.

Айта кетейік, осыған дейін Каспий теңізінің жағалауынан 183 өлі итбалықтың табылғаны хабарланған болатын.