Түркістан облысында полиция қызметкері заңсыз әрекет жасады деген күдікпен ұсталды

Автор: Асыл Арман

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото: Azattyq Rýhy

Түркістан облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы ҰҚК департаментімен бірлесіп, заңсыз әрекет жасады деген күдікпен аудандық полиция бөлімінің қызметкерін ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық ПД мәліметінше, қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

«Сонымен қатар, тәртіптік комиссияның шешімімен күдікті ішкі істер органдарынан теріс себептермен босатылды. Қалған жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты да қызметтік тексеріс жүргізілуде.

Өңірлік полиция департаменті адал емес қызметкерлерден арылу, қызметтік тәртіпті нығайту және жеке құрам арасында заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі және дәйекті шаралар қабылдап келеді», – делінген хабарламада.