Тағы 19 адам түрлі деңгейде жарақат алды
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы теміржол нысандарында болған жазатайым оқиғаларға қатысты адам шошырлық статистика жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2025 жылдың 10 айында пойыз жолында адам қағып кетудің 30 оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 34 адам зардап шеккен, оның ішінде 15 адам қаза тауып, 19 адам түрлі дәрежеде жарақат алды. Зардап шеккендердің арасында кәмелетке толмаған үш бала бар.
«Оқиғалардың басым бөлігі азаматтардың теміржол нысандарында жүру ережелерін бұзуы салдарынан болған. 40% жағдайда (12 адам) зардап шеккендер мас күйде болған. Басқа жағдайларда азаматтар құлаққап киіп жүрген. Сондай-ақ бір суицид фактісі тіркелді», – деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.
Компанияның мәліметінше, биыл 10 айда 24 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның ішінде жолаушылар пойызына қатысты үш жағдай бар.
«Әскери күзет және желілік полициямен бірлесіп, 1 570 рейд, 2 105 жиналыс ұйымдастырылып, 66 мыңнан астам адам қамтылды. Рейд қорытындысы бойынша ереже бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 39 айыппұл салынды», – деп нақтылады компания өкілдері.
ҚТЖ өкілдері теміржолдағы қауіпсіздік ең алдымен азаматтардың сана-сезіміне және жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті.
Олар теміржолды белгіленбеген жерден өтпеуге, құлаққап кимеуге және теміржол маңында сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.